
Ипотекалық тұзақ: ШҚО-да ірі көлемдегі алаяқтық фактісі тергелуде
Өскемен қаласының полициясына жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Оның айтуынша, танысы сеніміне кіріп, тұрғын үй сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен 9 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденіп алған.
Жедел тергеу іс-шаралары барысында осыған ұқсас бірқатар алаяқтық фактілеріне қатысы бар 40 жастағы күдікті анықталды.
Тергеу мәліметтері бойынша, ол ипотекалық несие рәсімдеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе ақшалай қаражат салуға көмектесуді сылтауратып, азаматтардың ақшасын алдап алып отырған.
Әрбір жағдай бойынша келтірілген шығын көлемі 3 миллионнан 8 миллион теңгеден астам соманы құрайды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
ШҚО Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, ресми келісімшартсыз ақша бермеуге, сондай-ақ үшінші тұлғалардың өтініші бойынша несие рәсімдемеуге шақырады. Күмәнді жағдайлар туындағанда «102» нөміріне хабарласыңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі