
Ана жүрегі
Риддер қаласының полиция қызметкерінің кәсібилігі тоғыз адамның өмірін сақтап қалды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментіне Павлодар қаласының 68 жастағы тұрғыны Калиева Зоя Қызыровна жүрекке жылы, әсерлі алғыс хаты келіп түсті. Өз хатында ол Риддер қаласы полиция бөлімінің қызметкеріне көрсеткен мұқияттылығы, бейжай қалмағаны және жоғары кәсібилігі үшін шынайы ризашылығын білдірді. Дәл осы қасиеттер тоғыз адамның өмірін сақтап қалуға шешуші рөл атқарды.
Хатта зейнеткер әйел өз өмірінде мәңгі есте қалатын оқиғаны баяндаған.
Оқиға 2025 жылғы 11 желтоқсанда Риддер қаласының маңында болған. Тоғыз туристен құралған топ таулы аймаққа қарда жүретін техникалармен сапарға шыққан. Сол топтың ішінде Зоя Қызыровнаның ұлы да болған. Әдетте олар кешкі уақытқа қарай хабарласатын, алайда бұл жолы күткен қоңырау түспей, белгіленген уақытта топ та қайтып оралмаған.
Ана жүрегі алдамаған еді — минут өткен сайын алаңдаушылығы арта түсті. Жанына тыныштық таппаған ана полициядан көмек сұрауға мәжбүр болды.
Қоңырауды Риддер қаласы полиция бөлімінің жедел кезекшісі, полиция майоры Азтаев Мейрам Аянұлы қабылдады. Әңгімелесудің алғашқы минуттарынан-ақ ол әйелді мұқият тыңдап, нақтылау сұрақтарын қойып, ана жүрегін алаңдатқан жағдайды назардан тыс қалдырмай, дереу әрекетке көшкен.
Полиция майоры жедел түрде қажетті шараларды ұйымдастырды: туристердің тұрғылықты мекенжайын анықтау үшін учаскелік инспекторды жіберді, төтенше жағдайлар қызметімен байланыс орнатты, өтініштің тіркелуін қамтамасыз етіп, барлық тартылған бөлімшелердің жұмысын үйлестірді. Түн бойы Зоя Қызыровнамен байланыста болып, іздестіру жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп, ең қиын сәттерде моральдық қолдау көрсетті.
Полиция мен құтқару қызметтерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде спутниктік байланыс арқылы туристердің нақты орналасқан жері анықталған. Тоғыз адамның барлығы аман-есен табылып, үсік шалу белгілері анықталған жоқ. Оқиға орнына қажетті құрал-жабдықтармен бірнеше техника бірлігі жұмылдырылып, құтқарушылар шұғыл түрде жолданды.
Түнгі сағат бір шамасында Зоя Қызыровнаның ұлы анасымен байланысқа шығып, көмектің жақын екенін хабарлаған. Ал таңертең полиция майоры қайта қоңырау шалып, топтың барлық мүшесінің қауіпсіз жерде екенін растаған.
«Сол түні мен өмірімдегі ең ауыр күйзелісті бастан өткердім. Алайда полиция майоры Мейрам Аянұлының сабырлылығы, сенімділігі мен адамгершілік қолдауы маған үміт сыйлады. Ол тек қызметтік міндетін атқарумен шектелмей, шынайы жанашырлық танытты. Қазір менің он немерем бар, енді мен оларға полиция қызметкерлері мен олардың күнделікті ерліктері туралы айтып отыратын боламын», — деп бөлісті Зоя Қызыровна.
Бұл оқиға тағы бір мәрте форма мен погонның артында жүрегі кең, адам тағдырына бейжай қарамайтын жандар тұрғанын дәлелдеді. Олар ең қараңғы түннің өзінде үміт сыйлап, ең қымбат құндылықты — жақындарының амандығына деген сенімді қайтара алады.
Пресс-служба ДП ВКО