
Аудиториядан — шынайы қызметке: ШҚО ПД анықтаушысымен өткен пресс-тур
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мен Қазақстан-Американдық еркін университетінің өзара іс-қимылы аясында «Анықтаушымен бір күн» атты пресс-тур өтті. Шараның басты мақсаты — заң мамандығының студенттеріне теорияның қызметтік жағдайда қалай жұмыс істейтінін көрсету.
Іс-шараға ҚАЕУ «Құқық және құқық қорғау қызметі»факультетінің 4-курс студенттері қатысты. ШҚО ПД Анықтау басқармасының анықтаушысы, полиция майоры Пупков Дмитрий Сергеевич жас мамандарға тәлімгер болып, өз жұмысының негізгі қырларын іс жүзінде көрсетті.
Күні бойы болашақ заңгерлер анықтау қызметінің ұйымдастырылуымен, қылмыстық құқық бұзушылықтарды, соның ішінде жол-көлік оқиғаларын тергеу тәртібімен танысты. Материалдардың келіп түсуінен бастап қорытынды процестік шешім қабылдауына дейінгі әрбір кезеңдегі анықтаушының жауапкершілігі мен процестік шараларына ерекше көңіл бөлінді.
Пресс-тур форматы студенттерге күнделікті қызметті бақылап қана қоймай, қолданыстағы заңнама аясында жекелеген тергеу әрекеттеріне қатысуға мүмкіндік берді. Мұндай тәжірибе мамандықтың ерекшелігін терең сезінуге және аудиторияда алған білімдерін іс жүзінде бекітуге жағдай жасады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі