
ШҚО ормандары бақылауда: полицейлер «Шырша» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында авиарейд жүргізді
Шығыс Қазақстан облысында 15-31 желтоқсан аралығында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сату фактілерінің жолын кесуге бағытталған «Шырша» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері тікұшақтың көмегімен авиациялық рейд жүргізді. Орман алқаптарына әуеден мониторинг жасау қылқан жапырақты ағаштардың жай-күйін нақты тіркеуге және жетуі қиын учаскелерді қамтуға мүмкіндік берді.
Ұшу барысында тәртіп сақшылары Риддер, Шемонаиха, Глубокое, Ұлан және Алтай аудандарының аумақтарын қамтыды.
Жедел профилактикалық іс-шара басталғалы бері ағаштарды заңсыз кесудің екі фактісі анықталып, жолы кесілді.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Сондай-ақ, ведомство азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі