
ШҚО Полиция департаментінде тәлімгерлер кеңесінің қорытынды кеңесі өтті
10 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде Тәлімгерлер кеңесінің қорытынды кеңесі өтті. Бұл кеңесте жыл бойы атқарылған жұмыс нәтижесі талданып, алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.
Кеңес ресми сипатта өткенімен, атмосферасы жылы әрі ықыласқа толы болды. Себебі мұнда өз қызметтерін атқарып қана қоймай, жас мамандардың сенімді қалыптасуына зор үлесін қосқан азаматтар жиналды.
Кеңеске Жеке құраммен жұмыс басқармасының басшылығы, Ардагерлер кеңесі, тәлімгерлер және жас қызметкерлер қатысты. ЖҚЖБ бастығы, полиция полковнигі Марат Баяндинов негізгі талқыланатын тақырыптарды таныстырды. Одан кейін Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев құттықтау сөз сөйлеп, ұрпақтар сабақтастығының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тәлімгерлердің тәжірибесі жас полицейлер үшін үлкен тірек болып саналады.
Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Даурен Мұқанов жылдық есеппен таныстырып, басты жетістіктер мен алдағы уақытта ерекше назар аударылатын бағыттарды атап өтті. Кеңес мүшесі Бақытжан Торғаевта өз тәжірибесімен және байқауларымен бөлісті.
Кеңестегі ең әсерлі сәттердің бірі – Үлбі полиция бөлімінің тәлімгері, полиция майоры Дина Жақсыбаева мен оның тәлім алушысы, лейтенант Аманкелді Дәрибаевтың сөздері болды. Олар қызметтің алғашқы күндерінен бастап кәсіби сенімділікке дейінгі жолда тәлімгерліктің қаншалықты құнды екенін айтты.
Кездесу соңында тәлімгерлерге, жас қызметкерлерге және Тәлімгерлер кеңесі мүшелеріне грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар – олардың еңбегі мен жауапкершілігін, сондай-ақ тәлімгерлік институттың дамуына қосқан үлесін мойындаудың белгісі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі