
ШҚО-да 50-ден астам қос азаматтық фактісі анықталды
Шығыс Қазақстан облысының полициясы «Учаске» іс-шарасы аясында профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.
Ішкі істер органдары қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, пәтерлерді тексеріп, тұрғындар жайлы туралы ақпаратты нақтылап, жеке және қоғамдық қауіпсіздік шаралары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ азаматтарды интернет алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертеді.
Сонымен қатар, басқа мемлекеттерден келетін тұлғаларға бақылау күшейтілген. Полиция қызметкерлері олардың заңды түрде келуі мен миграциялық талаптардың сақталуын тексереді. Өскемен қаласында жүргізілген бір рейд барысында қос азаматтық фактісі анықталды. Белгілі болғандай, азамат 8 жыл бұрын басқа мемлекеттің азаматтығын алған, бірақ Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдаланып келген.
Сот шешімімен құқық бұзушы елден шығарылып, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылды.
Жыл басынан бері өңірде 50-ден астам қос азаматтық фактісі анықталды.
«Қазақстан Республикасының Заңнамасы қос азаматтыққа жол берілмейді. Дегенмен, кейбір азаматтар зейнетақы мен басқа әлеуметтік төлемдерді сақтап қалу мақсатында шетелдік төлқұжат алу фактісін жасырып қалады. Мұндай әрекеттер заңға қайшы болып, ауыр құқықтық жауапкершілікке әкеп соғады», — деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының орынбасары Р. Айдарбеков.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті азаматтарды заңнаманы сақтауға, азаматтықты ауыстырған жағдайда уақытында хабарлауға және заң бұзуға жол бермеуге шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі