ШҚО-да 1,5 кг мефедронды көп мөлшерде таратумен айналысқан күдікті ұсталды

ШҚО-да 1,5 кг мефедронды көп мөлшерде таратумен айналысқан күдікті ұсталды

                                                                                         ШҚО-да 1,5 кг мефедронды көп мөлшерде таратумен айналысқан күдікті ұсталды

Шығыс Қазақстан облысы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен синтетикалық есірткілерді көп мөлшерде жасырын таратумен айналысқан 27 жастағы көршілес облыс тұрғынын ұстаған.

Жеке тінту барысында күдіктіден ақ түсті ұнтақ салынған полимерлі пакет табылып, тәркіленді. Одан кейін оның тұрғылықты жерін тексеру кезінде тағы бір қызғылт түсті ұнтақ салынған пакет және есірткіні бөлшектеуге арналған құралдар — бес электрондық таразы мен арнайы қаптамалар табылды.

Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың «мефедрон» (496,71 г) және «А-PVP» (581,13 г) сияқты психотроптық заттар екені дәлелденді. Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің жасырын орнынан қосымша шамамен 500 грамм синтетикалық есірткіні тәркілеген.

Жалпы тәркіленген заттардың салмағы 1,5 килограммнан асты, бұл шамамен 5 000 бір реттік дозаға тең. Ал қара нарықтағы құны 34 миллион теңгеден жоғары бағаланады.

Тергеу барысында күдіктінің 2025 жылдың қазан айында өңірге келіп, қаланың әр аймағында жасырын орындарға есірткі қоюмен айналысқаны анықталды.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ШҚО Полиция департаменті есірткі қолдану мен оны тарату адамның денсаулығын құртып, бостандықтан айыратын ауыр құқықбұзушылық екенін ескертеді. Мұндай әрекеттер қоғамға да елеулі қауіп төндіреді. Кез келген күмәнді жағдайды немесе белгісіз адамдардың күмән тудыратын әрекеттерін бірден полицияға хабарлау – тұрғындардың қауіпсіздікке қосқан маңызды үлесі.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі