Өскеменде «Капитан Байтасов» фильмінің премьерасы өтті

Өскеменде «Капитан Байтасов» фильмінің премьерасы өтті

                                                                                          Өскеменде «Капитан Байтасов» фильмінің премьерасы өтті

«Юбилейный» кинотеатрында «Капитан Байтасов» көркем фильмі көрсетілді. Премьераны Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті мен кинотеатр әкімшілігі бірлесіп ұйымдастырды.

Премьера кеші жарқын әрі салтанатты түрде өткізілді. Көрермендерге көрсетілім басталардан бұрын полиция қызметкерлері ғимарат сыртында және фойесінде көрме алаңдарын ұйымдастырды.

Көшедегі экспозицияда қала тұрғындары мен қонақтары ішкі істер органдарының қолданатын арнайы техникаларымен танысты. Көрмеде қызметтік автокөліктер, мотоциклдер, квадроциклдер, сигвейлер, бронетехника, мобильді басқару пункттері және заманауи байланыс құралдары ұсынылды.

Ал, кинотеатр ішінде тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды.

«Қару-жарақ және жабдықтар» экспозициясында арнайы бөлім жауынгерлерінің қару-жарақ үлгілері мен нысандық киімдері көрсетілді. Мамандарға арналған аймақта келушілерге ішкі істер органдарында қызмет ету, қабылдау шарттары, марапаттар және Шығыс Қазақстан полицейлерінің жетістіктері туралы ақпараттар таныстырылды.

Әсіресе көрермендердің назарына «Полиция қызметкерлерінің күнделікті өмірі» атты ерекше фотокөрмесі түсті. Онда қызметтік іс-әрекеттер, оқу-жаттығулар және азаматтармен өзара әрекеттесуі көрініс тапқан.

Алғашқы көрсетілім екі толық залды жинады — 700-ден астам көрермен батырдың оқиғасын тамашалауға келді. Фильм 2011 жылы Таразда орын алған нақты оқиғаларға негізделген. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін қиып, өз-өзін жарып жіберетін террористті тоқтатып, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалған. Көрсеткен ерлігі үшін оған «Халық Қаһарманы» атағы берілген.

Жиналған көрермендер алдында ШҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов:

— «Бүгін капитан Ғазиз Байтасовтың ерлігін еске ала отырып, біз қызметтік борышын атқару барысында өмірін қиған әріптестеріміздің рухын құрметтейміз. Олардың батылдығы мен антқа адалдығы қазіргі және болашақ полиция қызметкерлеріне мәңгі үлгі болып қала береді», — деді.

«Капитан Байтасов» фильмі тек көркем шығарма ғана емес, ол табандылықтың, батырлықтың және Отанға деген сүйіспеншіліктің символы. Батырдың оқиғасы шабыт беріп, адам өмірінің құндылығын және Отанға қызмет ету, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау жолындағы мақсатты еске салады.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі