
ШҚО-да 2000-нан астам мефедрон дозасымен интернет-дүкеннің орап дайындаушысы ұсталды
Өскемен қаласында полиция қызметкерлері облыс прокуратурасының көмегімен есірткі сату мақсатында жұмыс істеген интернет-дүкеннің «қойма-орап дайындаушысы» қызметін атқарған 23 жастағы тұрғынды ұстады.
Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде полимерлік екі қаптамаға салынған ақ түсті ұнтақ тәрізді зат табылып, тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген психотроптық зат мефедрон екені анықталды. Оның жалпы салмағы 2 келіден асады, бұл 2000-нан астам бір реттік дозаға тең.
Аталған факті бойынша «Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 225 есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтағанын айта кету қажет. Заңсыз айналымнан 590 келіден астам есірткі заты тәркіленіп, есірткі сату дерегі бойынша 13 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған 11 фитозертхананы жойды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті есірткі қолдану мен таратудың адам өмірі мен денсаулығын құртатынын, ал олардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Полиция азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға және кез келген күмәнді жағдайлар туралы «102» нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарлауға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі