ШҚО полициясы ондаған миллион теңгені құрайтын алаяқтық деректерін анықтады

ШҚО полициясы ондаған миллион теңгені құрайтын алаяқтық деректерін анықтады

                                                                                        ШҚО полициясы ондаған миллион теңгені құрайтын алаяқтық деректерін анықтады

Өскемен қаласының полициясына облыс тұрғыны танысының «бірлескен бизнес» ашу сылтауымен 8 миллион теңгеден астам ақша алып, айтқан уәдесінде тұрмағанын хабарлаған.

Тексеру барысында полицейлер күдіктінің алдын ала дайындалған схема бойынша әрекет еткенін және бірнеше адамды алдағанын анықтаған. Ол таныстарын «мол табыс» әкелетін кәсіпке ақша салуға үгіттеп, біріне арзан бағада көлік алып беремін деп, екіншісіне қарызды сыйақысымен қайтарамын немесе пәтер сатып алуға көмектесемін деп уәде берген.

Осылайша ер адам бірнеше жәбірленушінің ірі көлемдегі ақшалай қаражатын иемденген. Оның қылмыстық әрекеті жалпы сомасы 41 миллион теңгеден асатын шығын келтірген.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас өзге де алаяқтық фактілеріне қатыстылығы тексерілуде.

ШҚО Полиция департаменті ескертеді: ақша қаражатын берер алдында сақ болыңыздар, тіпті ол танысыңыз немесе туысыңыз болса да. Кез келген келісімді міндетті түрде құжат түрінде рәсімдеңіздер, «пайдалы» ұсыныстар мен жеңіл жолмен ақша табуға шақыратын сөздерге сенбеңіздер. Күмән туған жағдайда дереу полицияға жүгініңіздер — бұл қылмыстың алдын алуға көмектеседі.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі