«Ұстазға алғыс»: ШҚО бас полицейі ұстазын құттықтады

«Ұстазға алғыс»: ШҚО бас полицейі ұстазын құттықтады

                                                                                         «Ұстазға алғыс»: ШҚО бас полицейі ұстазын құттықтады

Мұғалімдер күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков балалық және жастық шағымен тығыз байланысты Гагарин ауылына барды. Осында ол балабақшаға барып, мектеп қабырғасында білім алып, үлкен өмірге деген алғашқы қадамдарын жасаған.

Сапар барысында Ерлан Болатұлы өмірінің қалыптасуына үлес қосқан ұстаздарын ерекше ілтипатпен еске алды. Солардың ішінде жүрегінде ерекше орын алатын жан — Гагарин орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, биология және зоология пәндерінің мұғалімі Курочкина Валентина Степановна.

— «Біздің ұстаздарымыз шын мәнінде қатал, бірақ әділ еді. Дәл сол кісілер бізге жауапкершілікті, сөзге беріктікті және еңбекқорлықты үйретті. Олардың өнегелі сөздері мені өмір бойы алға жетелеп келеді», — деді ШҚО ПД бастығы.

Валентина Степановна мектепте 33 жыл еңбек етіп, екі бала тәрбиелеген және ондаған ұрпаққа білім берген. Биыл ол 86 жасқа толды. Алайда, жасына қарамастан, әлі де сергек әрі өмірге құштар. Педагог өзінің сүйікті шәкіртін — Ерлан Болатұлын (өзінің айтуынша — Ерлікті) ерекше жылы ықыласпен қарсы алды. Валентина Степановна үшін Ерлан Болатұлы әлі де сол 80-жылдардағы ізденімпаз, мектеп өміріне белсене араласатын, спортты жақсы көретін бала болып қала бермек.

— «Ол әрдайым ашық, белсенді, балаларға қамқор бола білетін. Мен оны әрқашан мақтаныш етемін», — деді Валентина Курочкина.

Кездесу мектеп жылдары мен туған ауылдың естеліктеріне толы болды. Ерлан Болатұлы үшін бұл өмірінде маңызды рөл атқарған адамға алғыс айтуға керемет мүмкіндік болды.

Ұстаз — жүректе мәңгі қалады, ал оның еңбегіне деген ризашылық — баға жетпес сезім.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі