«Жолда қабылдау» акциясы аясында 230-дан астам шығысқазақстандық құқықтық көмек алды

«Жолда қабылдау» акциясы аясында 230-дан астам шығысқазақстандық құқықтық көмек алды

                                                                                        «Жолда қабылдау» акциясы аясында 230-дан астам шығысқазақстандық құқықтық көмек алды

Шығыс Қазақстан облысының барлық аудандарында екі күндік «Жолда қабылдау» акциясы өтті. Іс-шара барысында жергілікті полиция қызметі, әкімшілік және көші-қон полициясының қызметкерлері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, өңірдің жүздеген тұрғынына құқықтық көмек көрсетті.

Бүгін кездесу «Өскемен – Алматы» тасжолының 13-шақырымында болды. Мұнда облыс тұрғындарын ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қабылдады. Азаматтардан түскен барлық өтініштер бақылауға алынды.

— «Жолда қабылдау» — бұл жай ғана кездесу форматы емес, ашық диалог алаңы. Осындай кездесулер арқылы біз «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтып, халықтың полицияға деген сенімін арттырамыз және өзекті мәселелерді бірге шешеміз, — деді облыстың бас полицейі.

Акция аясында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға жол жүру ережелерінің негізгі талаптарын еске салып, көлік және әкімшілік заңнаманың нормаларын түсіндірді. Құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.

Көлік жүргізушілеріне еңбек және демалыс тәртібін сақтау, сондай-ақ рейс алдындағы міндетті медициналық тексерудің маңыздылығы туралы ескертті.

«Жолда қабылдау» акциясы полицияның ашықтығы мен қолжетімділігі азаматтарды толғандырған мәселелерді дер кезінде шешуге, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы берік байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін тағы да дәлелдеді.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі