
ШҚО ПД-да жедел қызмет бөлімшелерінің қызметкерлері марапатталды
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде Қылмыстық іздестіру күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Жедел қызметкерлердің күнделікті жұмысы адалдықты, үлкен төзімділікті және кәсібилікті талап етеді. Осы уақытқа дейін алдыңғы аға буын жедел уәкілдер өз еңбектерімен күрделі қылмыстарды ашуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын, қайсар әрі білікті маман бейнесін қалыптастырды. Бүгін де олардың әріптестері осы дәстүрді жалғастырып, қоғамның тыныштығы мен заңды мүдделерін қорғауға атсалысуда.
ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков жеке құрамды мерекесімен құттықтап:
«Сіздердің қызметтеріңіз әрдайым ең жауапты және күрделі жұмыстардың бірі болған және солай болып қала бермек. Күн сайын сіздер батылдықты, кәсібилікті және мықты күш-жігерді талап ететін қиындықтармен бетпе-бет келесіздер. Болашақта да абыройлы қызмет атқарып, полицияның беделін арттыра беретіндеріңізге және «Заң мен тәртіп» қағидатына берік болатындарыңызға сенемін», — деді ол.
Шараға полицияның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан ардагерлер де қатысты. Олар әріптестеріне қызметте табыс және мықты денсаулық пен кәсіби сәттілік тіледі.
«Қызметтің алдыңғы шебінде жүріп, қылмыскерлерді құрықтап, қылмыстарды ашып жүрген азаматтардың арқасында халық тыныш ұйықтай алады», – деп атап өтті ІІО құрметті ардагері Асқар Қырықпаев.
Салтанатты шара соңында үздік қызметкерлер мен ардагерлер адал еңбегі мен кәсібилігі үшін грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі