
Ұрпақтар сабақтастығы
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде ерекше жылы жүздесу өтті: №30 орта мектептің оқушылары қарттар күніне орай ішкі істер органдарының ең құрметті ардагерлерінің бірі – Үдербаев Нұрлыбек Ғалиұлына арнайы келіп, құттықтау білдірді.
Айтулы күнге дайындықты балалар үлкен жауапкершілікпен қарап дайындалған. Департамент қабырғасында жас қонақтар әсерлі концерт ұйымдастырып, жүрекке жылу сыйлайтын әндер орындап, әсерлі өлең жолдарын оқыды. Сондай-ақ, өнерлі оқушы қыздар ардагер полицейге қолмен салынған портрет тарту етті.
Әрбір сөз, әрбір әуен – өмірін тәртіп пен қауіпсіздікке арнаған тұлғаға деген шынайы құрмет пен ізгі ниетке толы болды.
Өз кезегінде Нұрлыбек Ғалиұлы балаларға алғысын білдіріп:
— «Маған көрсеткен ілтипаттарыңыз үшін үлкен алғыс айтамын. Ең қымбат сыйлық – осы ықыластарыңыз. Алдағы өмір жолдарыңыз ашық болып, әрдайым адалдық пен ізгілікке берік болыңыздар», – деп атап өтті.
Мұндай кездесулер – патриоттық тәрбие берудің бір бөлігі, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын, үлкенге құрмет пен олардың еңбегіне ризашылықты ұмытпауға шақыратын маңызды өнеге.
ШҚО ПД баспасөз қызметі