Шығыс Қазақстанда полиция бет-жүзді толық жабатын киімге қатысты заң талаптарын түсіндіруде
Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған жаңа заң нормалары бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
2025 жылғы 12 шілдеден бастап өңірде қоғамдық орындарда бет-жүзді толықтай жабатын киім киюге тыйым салу ережесі күшіне енді. Бұл шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, заңда бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, бет-жүзді жабуға мына жағдайларда рұқсат етіледі:
•қызметтік міндеттерді атқару кезінде – мысалы, дәрігерлерге, құрылысшыларға, полицейлерге және жеке қорғаныс құралдарын пайдаланатын өзге де мамандарға;
•медициналық көрсетілімдер бойынша, соның ішінде медициналық маска тағу кезінде;
•төтенше жағдайларда – табиғи апаттар, өрт, техногендік оқиғалар кезінде;
•ауа райының қолайсыз жағдайларында – қатты аязда немесе шаңды дауылдарда;
•спорттық және мәдени іс-шараларда, соның ішінде театрландырылған қойылымдар мен мерекелік киімдерде.
Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесулерін саябақтарда, көшелерде, базарларда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ аулаларды аралау барысында өткізуде. Азаматтарға заң талаптарының мазмұны егжей-тегжейлі түсіндіріліп, бет-жүзді толықтай жабатын маска, тұмшаланған капюшон және өзге де аксессуарларды пайдаланудың құқықтық салдары туралы ескертіледі.
Сонымен бірге тәртіп сақшылары өзге де маңызды қауіпсіздік шараларына назар аударуда. Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау, түнгі уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалану, жолда барынша мұқият болу ұсынылады. Бұдан бөлек, полиция азаматтарға интернеттегі қауіпсіздікке де мән беруге шақырады: жеке деректерді жарияламау, күрделі құпиясөздер қолдану және ақпарат көздерінің сенімділігін тексеру қажет.
Полицейлердің айтуынша, жаңа талаптар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектемейді. Керісінше, олар – қоғамдағы тыныштықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі