Қызметтеріңізге рахмет!

Қызметтеріңізге рахмет!
                                                                                            Қызметтеріңізге рахмет!
 
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде полиция полковнигі Павел Алябьев пен полиция капитаны Гордеев Алексейдің зейнеткерлікке шығуына орай салтанатты шара өтті.
 
Павел Александрович әке жолын жалғап, полицейлік әулеттің ізін басып қызметін бастаған. Ширек ғасыр ішінде қатардағы қызметкерден жоғары білікті криминалистке дейін көптеген күрделі істерді тергеуге қатысып, әрдайым принципшілдігімен, терең кәсіби білімімен және жоғары адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленді. Өзінің мол тәжірибесін әріптестеріне үйретіп, болашақ криминалистер үшін берік мектеп қалыптастырды.
 
Алексей Гордеев ішкі істер органдарына 2000 жылы Зырян аудандық полиция бөлімінде патрульдік полиция инспекторы болып келген. Бұған дейін әскер қатарында кинолог болып қызмет етіп, қызметтік иттермен жұмыс жүргізу тәжірибесін меңгерді. Ал 2002 жылы оған аудандық бөлімде кинологиялық қызметті құру сеніп тапсырылды. Зырян (қазіргі – Алтай) қаласында 12 жыл қызмет етіп, кейін ШҚО Полиция департаментіне ауысқан. Мұнда он жылдан астам уақыт бойы кинологиялық қызмет орталығын дамытып, мамандарды даярлау мен қызметтік иттерді үйретуге белсенді атсалысты. Оның тәжірибесі мен бастамашылдығының арқасында кинологтар топтары қылмыстарды ашуда, айғақтарды табуда, жоғалған адамдар мен күдіктілерді іздеуде тиімді қолданылды.
 
Ардагерлерді қызметін абыроймен аяқтағандарымен құттықтаған департамент бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков атап өтті:
•«Сіздер мінсіз қызметтің, борышқа адалдықтың және жоғары кәсіби мәдениеттің үлгісісіздер. Сіздердің еңбектеріңіз өңірдің құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін нығайтуға бағытталды, ал жинақтаған тәжірибелеріңіз жас буын қызметкерлері үшін бағдар болып қала береді. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңіздің зейнетін көруді тілеймін».
 
Департамент басшылығы мен жеке құрам ардагерлерге ұзақ жылғы қызметі мен заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан айрықша еңбектері үшін алғыстарын білдіріп, мұндай офицерлер біздің полицияның абыройы екенін атап өтті.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі