
Шығыс Қазақстанда есірткі сатушылар ұсталды
Өскемен қаласының полициясына Понтон көпірі маңында «есірткі тарату орындарын» қарап жүрген күдікті бойжеткен туралы ақпарат түскен.
ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы қызметінің қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен, 28 жастағы әйел мен 26 жастағы ер адамды психотроптық заттарды таратқан күдікті ретінде ұстады.
Жедел іс-шаралар барысында олардан ұнтақ тәріздес 30 орама тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат жалпы салмағы 29,91 грамм α–PVP психотроптық заты болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, ұсталғандар биылғы мамыр айынан бастап тұрақты түрде Өскеменге «жасырынған заттарды» алу үшін келіп отырған. Кейін олар оны Алтай қаласына жеткізіп, «жасырып қойып кету» тәсілі арқылы таратқан. Барлық әрекеттер мессенджер арқылы белгісіз куратормен жүзеге асырылып отырған.
Аталған факті бойынша «Есірткі заттарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе жіберу» бабына сәйкес тергеу жұмыстары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құрметті азаматтар! Абай болыңыздар. Егер сізге интернет арқылы «оңай табыс» немесе «жасырып қойып кету» қызметін ұсынса, мұны тікелей қылмыстық жауапкершілікке апаратын жол деп біліңіз. Күмәнді әрекет байқасаңыздар, дереу полицияға хабарлаңыздар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі