Ерлікпен жазылған батыр есімі

Ерлікпен жазылған батыр есімі

                                                                                             Ерлікпен жазылған батыр есімі

Алтай ауданы Серебрянск қаласындағы №4 орта мектепте қауіпті қылмыскерді ұстау барысында қаза тапқан полиция қызметкері Самойлов Виктор Яковлевичтің құрметіне «Жас сақшы» кадет сыныбы ашылды.

Салтанатты рәсімде 7-сыныптың 12 оқушысы ант беріп, «Жас сақшы» кадеттері қатарына қабылданды. Іс-шараға жергілікті билік пен полиция өкілдері қатысып, жас кадеттердің маңызды әрі толқулы сәтінде бірге болды.

Бүгіннен бастап жасөспірімдер Отанға қызмет ету рухымен тәрбиеленіп, заңды құрметтеуді, әділдікті бағалауды және өз істері үшін жауапкершілік алуды үйренетін болады. Олар үшін — құқық қорғаушылардың дәстүрін жалғастыру, өз таңдаған жолына адал болған жандардың үлгісін құрметтеу үлкен мәртебе.

Самойлов Виктор Яковлевичтің есімі өңір тарихында ерекше орын алады. 1987 жылы, демалыс күнінде, ол тұрғындарды үрейде ұстаған қарулы қылмыскер жөнінде хабар алған. Қауіп-қатерге қарамастан, ол қылмыскерді ұстауға аттанған. Қылмыскер ағаштардың арасына тығыла оқ жаудырып, Виктор Яковлевич алған жарақатынан қаза тапты. Ол соңына дейін ерлік пен антқа адалдық танытты.

«Әкемді еске алып жүргендердің барлығына алғыс айтамын. Біз өмірін құрбан еткен қызметкерлерді ешқашан ұмытпауымыз керек. Балаларға сондай қаһармандарды еске алып, олардың ерлігіне лайық болуды, жақсы оқып, адал өмір сүруді тілеймін», — деді полицейдің қызы Ольга Викторовна.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда 290 кадет білім алатын 16 «Жас сақшы» сыныбы жұмыс жасауда.


                                                                                                                                                                                                             ШҚО ПД баспасөз қызметі