
«Бекетте» ұсталды: ШҚО-да полиция ұрланған малды иелеріне қайтарды
Облыстық «Бекет» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер қажетті құжаттарсыз үш ұсақ малдың еті тиелген автокөлікті тоқтатқан.
Жедел тергеу іс-шаралары барысында екі күдікті ұсталды. Полицейлер олардың бұған дейін жасалған бір ірі қара мал ұрлығына қатысы барын анықтады. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде жалпы 600 000 теңгеден астам шығын келтірілген.
Ұрланған малды күдіктілер облыс орталығына жеткізіп, ет базарында сатуды жоспарлаған. Тәркіленген үш ұсақ малдың еті заңды иелеріне қайтарылды.
Ұсталғандарға қатысты «Ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
ШҚО полициясы өңір тұрғындарын өз мүлкін қорғау шараларын дер кезінде қабылдауға, малды қараусыз қалдырмауға, қораларды нығайтуға, жануарларды таңбалауға шақырады. Мал ұрлығы немесе жоғалуы жағдайында бірден 102 нөміріне хабарлау қажет.
ШҚО ПД баспасөз қызметі