
ШҚО-да полицейлер мен құтқарушылар орманда адасып кеткен 71 жастағы саңырауқұлақ терушіні тапты
9 қыркүйекке қараған түні Ұлан ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне 1953 жылғы әйелдің хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен. Әйел адам саңырауқұлақ теріп жүріп, Ұлан ауданы Белая гора ауылының шетінде адасып кеткен екен.
Дереу оқиға орнына жедел тергеу тобы, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары Қабдуалиев Тимур мен Рамазанов Олжас жіберілді. Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен орман шаруашылығының жұмысшылары да қосылды.
Іздеу шараларының тиімділігін арттыру үшін топтарға бөлініп, арнайы құрал — жылуіздегіш қолданылды. Бұл жоғалған азаматшаны тезірек табуға мүмкіндік берді. Үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде саңырауқұлақ теруші Белая гора ауылының шетіне жақын орналасқан Көк-Терек аумағынан табылды.
Әйел адамның жоғалған жері анықталған соң, ол аман-есен үйіне жеткізілді. Қуанышқа орай, оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Полиция мен ТЖ қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді жұмысы жоғалған азаматшаны қысқа мерзімде тауып, болуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектесті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі