
ШҚО полицейлері оқушыларды Білім күнімен құттықтады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының барлық мектептерінде жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындар өтті. Мерекелік шараға ұстаздар мен ата-аналармен бірге полиция қызметкерлері де қатысты.
Құқық қорғау органдарының өкілдері оқушылар мен мұғалімдерді мерекемен құттықтап қана қоймай, жолда, үйде және интернет кеңістігінде қауіпсіздікті сақтау жөнінде еске салып, кәмелетке толмағандарға қойылған талаптарды тағы бір мәрте түсіндірді.
ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов өз сөзінде атап өтті:
«Бұл күн – білімге деген ұмтылысты білдіретін, жаңа жетістіктерге жол ашатын ерекше мереке. Сонымен қатар балаларға тағы да ескерткім келеді: жолды тек жаяу жүргінші өткелінен кесіп өтіңіздер, үйде бейтаныс адамдарға есік ашпаңыздар, интернетте қарым-қатынас жасағанда сақ болыңыздар. Осы қарапайым ережелерді сақтау әрқайсыңыздың өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңызды қорғауға көмектеседі», – деді ол.
Сонымен бірге бірқатар мектептерде жас жол сақшылары оқушыларға жолдағы қауіпсіздік қағидалары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Оқу орындарының маңында қоғамдық тәртіпті патрульдік полиция жасағы қамтамасыз етті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Білім күні ешқандай құқық бұзушылыққа жол берілген жоқ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі