
ШҚО Полиция департаментінде жас қызметкерлер ант қабылдады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде гарнизондық жиын барысында жас полиция қызметкерлерінің ант беру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шарада ішкі істер органдарының қатарына ресми түрде 40-қа жуық жас маман қабылданды.
Іс-шара департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Серік Манаповтың басшылығымен өтті.
Ант қабылдау рәсіміне ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің мүшелері, жас қызметкерлердің ата-аналары мен жақындары және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Полиция қызметкері үшін ант қабылдау — кәсіби өмір жолындағы аса маңызды әрі жауапты сәттердің бірі. Осы күннен бастап жас тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқығын қорғау және заң талаптарын орындау жөніндегі міндеттеріне ресми түрде кіріседі.
Полиция полковнигі Серік Манапов өз сөзінде былай деді:
«Ант – бұл жай ғана сөздер емес. Бұл — Отанға, халыққа және заңға адалдықтың нақты көрінісі. Біз сіздерге үлкен үміт артамыз. Әрқайсыңыз полиция қызметкері деген мәртебелі атақты абыроймен алып жүріп, тәртіп пен кәсіби этиканы мүлтіксіз сақтайды деп сенеміз».
Жас мамандардың ата-аналары департамент басшылығына және тәлімгерлерге кәсіби қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіріп, балаларының жауапты қызметте абыроймен еңбек ететініне сенім артты.
Ант қабылдаған жас қызметкерлер де өз әсерлерімен бөлісті:
«Бұл – ерекше маңызды күн. Біз анттың мәнін толық сезінеміз және берілген сенімді ақтауға дайынбыз. Ең бастысы – халыққа қызмет етіп, заңдылықты сақтау».
Бұл рәсім – жас полиция қызметкерлерінің қызмет жолындағы алғашқы белестерінің бірі. Ол тәртіптілік пен жауапкершілікті, қоғам алдындағы адал еңбекті талап етеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі