GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
Департамент туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Заң мен Тәртіп
22 октября 2026
Ұлытаулық полицейлер практикалық ату жарысында топ жарды

 

Ұлытау облысы Полиция департаментінің ОЖВ командасы Республика күніне орай өткен тапаншамен практикалық ату жарысында жеңімпаз атанды. Командалық есепте екінші орынды ҰҚК-нің «Qalqan» командасы, үшінші орынды облыстық ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы иеленді. Департамент қызметкерлері жеке есепте де жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жарыс 2026 жылғы 21 қазанда «ARLAN» спорт клубының ұйымдастыруымен өтті. IPSC форматындағы сайысқа ҰҚК-нің «Qalqan» командасы және Ұлытау облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінен құралған бес команда қатысты.

Практикалық атуда нысанаға дәл тигізумен қатар, шапшаңдық пен қаруды қауіпсіз қолдану да маңызды. Бұл сайыс күштік құрылым қызметкерлеріне мергендігін сынап, кәсіби машығын көрсетуге мүмкіндік берді.

22 октября 2026
Үнсіздік мәселені шешпейді: отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес

Ұлытау облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Өңірде аталған санаттағы екі адам өлтіру фактісі тіркелген. Қайғылы оқиғалар Сәтбаев және Қаражал қалаларында орын алған.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында полиция профилактикалық есепте тұрған 568 адамды бақылауда ұстап отыр. Сонымен қатар өңірде 629 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 257 ерекше талап белгіленді.

Бұл шаралар тұрмыстық жанжалдардың ушығуына жол бермеуге, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және зардап шегуі мүмкін азаматтарды қорғауға бағытталған. Полиция қызметкерлері профилактикалық есептегі тұлғалармен жұмыс жүргізіп, заң талаптарының сақталуын бақылауды жалғастыруда.

Отбасындағы зорлық-зомбылықты жеке мәселе ретінде қарастыруға болмайды. Қорқыту, қысым көрсету және күш қолдану белгілеріне дер кезінде назар аудару – ауыр зардаптардың алдын алудың маңызды шарттарының бірі. Мұндай фактілер туралы полицияға уақытылы хабарлау құқық бұзушылыққа тиісті құқықтық баға беруге мүмкіндік береді.

Ұлытау облысының полициясы азаматтарды отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне бейжай қарамауға шақырады. Егер өзіңізге немесе жақындарыңызға қауіп төнсе, полицияға дереу хабарласыңыз.

Отбасындағы қауіпсіздік – заң талаптарын сақтау мен зорлық-зомбылыққа дер кезінде әрекет етуден басталады.

Заң мен Тәртіп
22 октября 2026
Ұлытауда жас полицейлер мен «Жас сақшы» оқушылары музейге барды

Ұлытау облысында Жезқазған қаласы Полиция басқармасының жас қызметкерлері мен «Жас сақшы» сыныбының оқушылары қалалық музейге барып, ел тарихы мен халқымыздың мәдени мұрасымен танысты.

Экскурсия барысында қатысушылар музей экспозицияларын аралап, туған өлкенің өткені туралы мағлұмат алды. Көне бұйымдар мен тарихи жәдігерлер арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігіне, ұрпақтан ұрпаққа жеткен мұрасына үңілді.

Танымдық шараның мақсаты — жастардың тарихи танымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарға құрметін арттыру. Елге қызмет ету жолын таңдаған жас мамандар мен мектеп оқушылары үшін туған жер тарихын білу — азаматтық жауапкершілікті сезінудің бір негізі.

Музейге сапар «Адал азамат» қағидаттарымен үндесіп, жастарды ел мұрасын қадірлеуге және оны сақтауға баулуға бағытталды.

21 октября 2026
Есірткінің желідегі жолы кесілді

Ұлытауда есірткі таратуға қатысты тыйым салынған ақпарат орналастырылған 2 631 интернет-ресурс бұғатталды. Желідегі заңсыз мазмұн «Кибернадзор» жүйесі арқылы анықталып, оған қолжетімділік шектелді. Ал өңірдегі жедел іс-шаралар нәтижесінде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар үш топ ұсталып, 388 келіден астам есірткі тәркіленді.

Есірткінің жолы бір ғана жерден өтпейді. Бір ұшы — өңірге сырттан жеткен заңсыз жүкте, енді бірі — телефон экранындағы ақпаратта, аула қабырғасындағы жазуда. Оған тосқауыл қою да осының бәрін қамтуды талап етеді.

Ұлытауда бұл іске полициямен бірге еріктілер де атсалысып жүр. Олар аулаларды, аялдамаларды, ғимараттардың қасбеттерін аралап, есірткі жарнамасының белгілері бар жазуларды анықтауға және өшіруге қатысқан. Он бір акцияның нәтижесінде 125-ке жуық жазу мен граффити жойылды. Әр өшірілген жазу — заңсыз жарнаманың жұрт көзіне түсер тағы бір орнының жабылғаны.

Жалпы волонтерлермен бірлескен 32 профилактикалық іс-шараға 120-ға жуық ерікті қатысқан. Олардың еңбегі үлкен мінберден айтылған сөзден көрінбеуі мүмкін. Бірақ өз ауласындағы күмәнді жазуды байқап, оны жоюға қолғабыс ету — ортақ қауіпке бейжай қарамаудың нақты көрінісі.

Есірткінің алдын алу жұмыстары өңірде 45 мыңнан астам адамды қамтыған. Барлығы 908 іс-шара өткізілді. Оның ішінде мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында 300-ге жуық профилактикалық кездесулер ұйымдастырылған. Жастармен әңгімеде есірткінің зардабы, заңсыз айналымға араласудың жауапкершілігі түсіндірілді. Бұл жұмысқа білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер де тартылған.

Күндізгі кездесулер түнгі рейдтермен жалғасады. Жұма және сенбі күндері полиция қызметкерлері мүдделі органдардың өкілдерімен, кеңес мүшелерімен және еріктілермен бірге ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарды тексереді. Есептік кезеңде жүзден астам рейд өткізілген. Назарда — түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген кәмелетке толмағандар, олардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупі.

Ал заңсыз жеткізу арналарына қарсы жұмыстың есебі бөлек. Наурыз айында оңтүстік өңірден келген бес адамнан тұратын топ ұсталып, 302 келіден астам есірткі тәркіленді. Қарағандыдан Ұлытауға синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу барысында 1,5 келі синтетикалық зат алынды. Тамызда ұсталған тағы бір топтан 40 келіге жуық марихуана тәркіленген. Жалпы облыста есептік кезеңде 63 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді.

Бұғатталған ресурс, өшірілген жазу, тәркіленген есірткі — атқарылған жұмыстың көрінетін нәтижесі. Ал алдын алудың көздегені одан терең: жас адамның есірткіге алғаш қадам басуына жол бермеу. Полицияның да, осы іске өз еркімен қосылған азаматтардың да еңбегі сол мақсатта тоғысады.

Заң мен Тәртіп
20 октября 2026
Ел тыныштығына арналған жылдар

Он жеті жыл ел тыныштығын күзеткен Рүстем Данияров қызметінің бір белесін аяқтап, зейнетке шығуға дайындалуда. Жезқазған қаласы Полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінде аға учаскелік полиция инспекторы болып еңбек ететін ол ішкі істер органдарына 2009 жылы келген. Содан бергі ғұмырының елеулі бөлігі тәртіп сақтауға, тұрғындармен жұмыс істеуге арналды.

Он жеті жыл. Айтуға оңай. Ал сол жылдардың ішінде қанша өтініш, қанша кездесу, қанша адамның мұңы бар. Қызметтің ұзақтығы еңбек өтілімен есептелгенімен, оның салмағы күнделікті міндеттен сезіледі. Учаскелік инспектор үшін бұл міндеттің басында адам тұрады.

Жұрт полицияға әртүрлі жағдаймен жүгінеді. Бірі құқығын қорғамақ, бірі дауына шешім іздемек, енді бірі қауіптен сақтанбақ. Әрқайсысының айтары бар. Тыңдау қажет. Асығыс байламға бармай, істің мәніне үңілу қажет. Заң талабын түсіндіріп қана қоймай, соның орындалуын қамтамасыз ету керек. Учаскелік инспектордың сабыры мен кәсіби білігі осындай тұста сыналады.

Рүстем Тлегенович осы қызметтің қыр-сырын жылдар бойы меңгерді. Өзіне жүктелген міндеттерді атқара жүріп, тәжірибе жинақтады. Күн сайын тұрғындармен бетпе-бет жұмыс істейтін маман үшін тәжірибе — жағдайды танып, дұрыс шешім қабылдай білу. Қай жерде түсіндіру керек, қай жерде талапты күшейту қажет, қай мәселеге кідіріссіз араласқан жөн — мұның бәрі біліммен бірге байыптылықты талап етеді.

Учаскелік инспектордың жұмысы өзі қызмет ететін аумақтың тіршілігімен біте қайнасады. Қоғамдық тәртіп те, құқық бұзушылықтың алдын алу да тұрғындармен тұрақты байланыстан басталады. Адамның шағымына құлақ асу, өтінішін елеусіз қалдырмау, қабылданған шешімді ұғынықты жеткізу — полицияға деген сенімді қалыптастыратын күнделікті істер.

Көпжылдық қызметтің жас маманға берері де осында. Заңды оқып білуге болады. Ал түрлі жағдайда сабыр сақтау, сөзге тоқтату, өз шешіміңнің жауапкершілігін көтеру қызмет үстінде шыңдалады. Рүстем Тлегеновичтің кәсіби жолында жинақталған тәжірибенің құны да осыдан көрінеді.

Енді алда — өмірдің жаңа кезеңі. Қызмет бабымен өткен жылдарды ой елегінен өткізіп, еңбектің зейнетін көретін шақ. 2009 жылы басталған жол оның өмірбаянында ұзақ жылдармен ғана емес, сол жылдар бойы арқалаған жауапкершілігімен қалады. Ол — ел тыныштығына жауапты болу.

Заң мен Тәртіп
20 октября 2026
Қала тыныштығының күзетінде

Жезқазғанда полиция қызметкерлері қала көшелері мен жұрт көп жиналатын орындарды жаяу патрульдеуде. Тәртіп сақшылары қоғамдық орындардағы ахуалды бақылап, құқық бұзушылықтың алдын алуға, тұрғындардың тыныштығын қорғауға назар аударуда.

Жаяу патруль — елмен етене жұмыс істейтін қызмет. Көшедегі полицейге тұрғын тікелей жолығып, көмек сұрай алады, көрген-білгенін жеткізеді. Мұндайда азаматтың сөзін тыңдап, мәселесіне мән беру де, қажет болса, кідіріссіз әрекет ету де маңызды. Сенім күнделікті қарым-қатынастан қалыптасады.

Бұл жұмыстың сырт көзге көріне бермейтін талабы бар. Ол — қырағылық. Адам көп ортада айналаны аңдап, тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін жағдайды дер кезінде байқау қажет. Патруль қызметінің мәні де осында: болған оқиғаға жетумен шектелмей, келеңсіздіктің жолын ертерек кесу.

Қала тыныштығы — ортақ жауапкершілік. Көшенің тазалығы, қоғамдық орынның тәртібі, өзгенің тынығуына құрмет әр тұрғынның ісінен көрінеді. Заңға бағыну осындай күнделікті дағдыдан басталады.

Жезқазған қаласы Полиция басқармасының жаяу патрульдеу жұмыстары тұрақты түрде жалғасады. Құқық бұзушылыққа куә болған тұрғындар патруль қызметкерлеріне немесе «102» нөміріне хабарласа алады.

Заң мен Тәртіп
19 октября 2026
Туған қаласының сақшысы

Ұлытау облысында алкогольдік масаң күйде көлік басқарған жүргізуші сот шешімімен жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның Mercedes-Benz A160 автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.

Оқиға 17 қазан күні Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір кентінде болған. Патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысын бақылау барысында аталған автокөлікті тоқтатқан.

Тексеру кезінде жүргізушіден алкоголь иісі сезіліп, ол медициналық куәландыруға жеткізілді. Сараптама қорытындысы оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын растады.

Іс сотта қаралып, жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Қазіргі таңда жүргізуші әкімшілік қамауда, ал автокөлік арнайы тұрақта тұр.

Ұлытау облысының Полиция департаменті алкогольдік масаң күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді.

Криминалдық полиция
Заң мен Тәртіп
19 октября 2026
Ұлытау облысында ұрланған 219 бас мал иелеріне қайтарылды

Төрт түлік – ауыл тұрғынының күнкөріс көзі, жылдар бойғы еңбегінің жемісі. Сондықтан малдың қолды болуы бір ауылдың ғана емес, тұтас елдің алаңдаушылығын туғызатын мәселе. Сондықтанда Ұлытау облысы полиция қызметкерлері мал ұрлығының алдын алу және ұрланған малды заңды иелеріне қайтару бағытындағы жұмыстарды қарқынды жалғастыруда.

Жыл басынан бері өңірде 286 бас мал ұрланған. Полиция қызметкерлерінің жүргізген жұмыстары нәтижесінде оның 219 басы иелеріне қайтарылды. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынның 13 миллион теңгеден астамы өтелді.

Жалпы облыста 20-ға жуық мал ұрлығы фактісі тіркелген. Олардың басым бөлігі Жаңаарқа ауданында орын алған. Қылмыс салдарынан тұрғындарға келтірілген жалпы шығын 35 миллион теңгеден асады.

Мал ұрлығының туындауына ықпал ететін басты себептердің бірі – төрт түліктің қараусыз, еркін жайылуы. Әсіресе елді мекендерден шалғай орналасқан жайылымдарда малдың ұзақ уақыт бақылаусыз қалуы оның қолды болу қаупін арттырады.

Бұл мәселе тек полицияның ғана емес, мал иелерінің де жауапкершілігін талап етеді. Төрт түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оны тұрақты бақылауда ұстау және қараусыз жайылуына жол бермеу – қылмыстың алдын алудың маңызды шарттары.

Осы бағытта полиция қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық кездесулер өткізіп, мал ұстау және жаю қағидаларын сақтау қажеттігін түсіндіруде. Жыл басынан бері аталған қағидаларды бұзған 476 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ұрланған малдың иесіне қайтарылуы – атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі. Дегенмен мұндай қылмыстардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары мен тұрғындардың өзара жауапкершілігі маңызды.

Ұлытау облысының Полиция департаменті мал иелерін төрт түлікті қараусыз қалдырмауға, жайылымдағы бақылауды күшейтуге және күдікті жағдайлар туралы полицияға дер кезінде хабарлауға шақырады.

Заң мен Тәртіп
17 октября 2026
Тұрғындармен кездесу: тәртіп, тазалық және қауіпсіздік

Жезқазғанда №7 учаскелік полиция пунктіне қарасты аумақ тұрғындарымен кездесу өтті. Қоғамдық тәртіп, аумақ тазалығы және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланған жиынға қалалық Полиция басқармасының бастығы, учаскелік полиция инспекторлары, қалалық әкімдік және пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері қатысты.

Кездесу Анарқұлов көшесі, 7 мекенжайында орналасқан полиция пунктінің алдында ұйымдастырылды.

«Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында аулалар мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау мәселелеріне назар аударылды.

Полицейлер тұрғындарға велосипед ұрлығының алдын алу шараларын түсіндірді. Сондай-ақ интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарына тоқталып, жеке деректер мен қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ақпарат берді.

Мұндай кездесулер тұрғындармен тікелей байланысты нығайтуға, жергілікті мәселелерді бірлесіп қарастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Әкімшілік полиция
Заң мен Тәртіп
16 октября 2026
Ұлытау облысында алкогольдік масаң күйде көлік басқарған екі жүргізуші анықталды

Ұлытау облысының Жезқазған қаласында патрульдік полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарған екі жүргізушіні анықтады.

Медициналық куәландыру қорытындысы екі жүргізушінің де алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Аталған фактілер бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Полиция алкогольдік масаң күйде көлік басқару жүргізушінің, жолаушылардың және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіретінін ескертеді.

Тәртіп сақшылары азаматтарды жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, ішімдік ішкеннен кейін рөлге отырмауға шақырады. Мұндай жағдайда такси немесе қоғамдық көлік қызметін пайдаланған жөн.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы