«Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 жыл, № 69-70, 636-бап):
көрсетілген қаулымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларында:
«6. Арнаулы сигналдарды қолдану» бөлімінде 4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Құрылыс, жөндеу немесе жинау жұмыстарын орындау кезінде іске қосылған қызғылт сары немесе сары түсті жарқылдауық маягі бар жеке меншік күзет ұйымдары жедел ден қою ұтқыр топтарының, жолдағы көліктік бақылау органдары жылжымалы бақылау-өткізу пункттерінің, инкассация қызметтері мамандандырылған көлік құралдарының, ұйымдасқан велосипедшілер топтарымен ілесіп жүретін көлік құралдарының жүргізушілері жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда жол белгілері (2.2, 2.4-2.6, 3.11-3.14, 3.17.2, 3.20 белгілерінен басқа) мен таңбаларының, сондай-ақ Қағидалардың 9-бөлімі 4-8-тармақтарының және 16-бөлімі 1-тармағының талаптарын орындамауы мүмкін. Басқа көлік құралдарының жүргізушілері олардың жұмысына кедергі жасамайды.
Қызғылт сары, сары немесе жасыл түсті жарқылдауық маяк жүруде басымдық бермейді және жол жүрісіне басқа қатысушыларға қауіптілік туралы ескерту үшін қызмет етеді.»;
«8. Маневр жасау» бөлімінде 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Екінші дәрежелі жолдан және (немесе) іргелес аумақтан жолға шығу кезінде жүргізуші жолда жүріп келе жатқан көлік құралдары мен жаяу жүргіншілерге, ал жолдан кірген кезде өзі жолын кесіп өтетін жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге жүруге жол береді.»;
«10. Жүріс жылдамдығы» бөлімінде:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Елді мекендерде:
1) көлік құралдарына автобустарды, сондай-ақ тиісті жол белгілерімен белгіленген, бірақ сағатына 90 километрден аспайтын арнайы жүру режимдерін қоспағанда, сағатына 60 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру;
2) автобустарға сағатына 50 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру,
3) Көлік құралдарына тұрғын аймақтар мен аула аумақтарында сағатына 20 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру рұқсат етіледі.»;
3-тармақтын 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 т аспайтын жүк автомобильдеріне, автомагистральдарда - сағатына 110 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарды сағатына 100 километрден аспайтын, қалған жолдарда - сағатына 90 километрден аспайтын;»;
3-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) автобустарға автомагистральдарда - сағатына 100 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарды сағатына 90 километрден аспайтын, қалған жолдарда - сағатына 80 километрден аспайтын;»;
3-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) балалар топтарын ұйымдастырылған түрде тасымалдауды жүзеге асыратын автобустарға, тіркеме сүйреткен кезде жеңіл автомобильдерге, рұқсат етілген ең жоғары массасы 3,5 асатын жүк автомобильдеріне автомагистральдарда сағатына 90 километрден аспайтын, бөлу жолағы бар жолдарда сағатына 80 километрден аспайтын, қалған жолдарда сағатына 70 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі.»;
«18. Маршруттық көлік құралдарының басымдығы» бөлімінде 2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. 5.9, 5.10.1 – 5.10.3 белгілерімен белгіленген маршруттық көлік құралдарына арналған жолағы бар жолдарда осы жолақпен қоғамдық көліктерден және оларға жатпайтын автобустардан басқа көлік құралдарының жүруі жүзеге асырылмайды және аялдауына болмайды.
Егер 5.9 белгісімен белгіленген жолақ қалған жолдың жүру бөліктерінен үзік-үзік таңбалау сызықтарымен бөлінген болса, онда бұрылу кезінде көлік құралдары соған орын ауыстырады. Сондай-ақ мұндай жерлерде бұл жолаққа егер бұл маршруттық көлік құралдарына, басқа қоғамдық көлікке және оларға жатпайтын автобустарға кедергі тудырмайтын болса, жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетінен жолға кірер кезде және жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін кіруге рұқсат етіледі.».
«19. Сыртқы жарық беру аспаптарын және дыбыстық сигналдарды пайдалану» бөлімінде 11-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«Ауыр салмақты, ірі габаритті және қауіпті жүктерді тасымалдауда бірге жүретін көлік құралдарында, сондай-ақ ұйымдасқан велосипедшілер топтарымен бірге жүретін көлік құралдарында жарқылдауық маяк тек олармен бірге жүретін кезде ғана орналастырылады.».
Жол жүрісі қағидаларына 1-қосымшада:
3.7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
3.7. «Тіркемесі бар көлік құралдарының жүруіне тыйым салынады». Қандай-да тіркемесі бар жүк көліктердің және тракторлардың жүруіне, сондай-ақ механикалық көлік құралдарын сүйретуге тыйым салынады.»;
5.9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5.9 «Маршруттық көлік құралдарына арналған жолақ». Көлік құралдарының жалпы легімен жол-жөнекей жүретін маршруттық көлік құралдарының, басқа қоғамдық көліктің және оларға жатпайтын автобустардың жүруіне ғана арналған жолақ.»;
5.10.1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5.10.1 «Маршруттық көлік құралдары үшін жолағы бар жол». Маршруттық көлік құралдарының, басқа қоғамдық көліктің, және оларға жатпайтын автобустардың жүрісі көлік құралдарының жалпы легіне қарсы арнайы бөлінген жолақта жүзеге асырылатын жол.»;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Тақтайшалар олар қолданылатын белгінің тікелей астында орналастырылады. 7.2.2 - 7.2.4, 7.13 тақтайшалары белгілер жүру бөлігінің, жол жиегінің немесе тротуардың үстінде орналасуы кезінде белгінің бүйіріне орналастырылады.
Уақытша жол белгілерінің (көшірілетін бағандағы) және стационарлық белгілердің мәндері бір-біріне қайшы келген жағдайда, жүргізушілер ұлттық стандартқа сәйкес уақытша белгілерді басшылыққа алуы тиіс.».
Жол жүрісі қағидаларына 2-қосымшада:
1.23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1.23 - маршруттық көлік құралдарына, басқа қоғамдық көлікке және оларға жатпайтын автобустарға арналған арнайы жолақты көрсетеді.».
көрсетілген қаулымен бекітілген, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерде:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Механикалық көлік құралдарында (трамвайлар мен троллейбустардан басқа) және тіркемелерде көзделген орындарда ұлттық стандартқа сәйкес келетін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілері орнатылуы тиіс.»;
5-бөлім мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
«8. М1 және N1 санаттағы көлік құралдарында:
1) Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы үшін 1 қарашадан бастап 1 сәуірге дейін;
2) басқа өңірлер үшін 1 желтоқсаннан бастап 1 наурызға дейін қысқы шиналар жоқ.»;
9-бөлім мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«Газды баллон жабдығы бар автомобиль» - леп белгісі мен қара түсті «ГАЗ » сөзі (үшбұрыштың беттері - екі жүз миллиметрден кем емес, жиегінің ені - 1/10) жазылған қара түсті жиегі бар, сары түсті тең жақты үшбұрыш түрінде - газды баллон жабдығы бар механикалық көлік құралдарының артына
5-бөлімнің 17-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«17. Техникалық реттеу саласында көзделген талаптарды бұза отырып, көлік құралдарын қайта жабдықтау жүргізілген.
М1, М2, М3 санатындағы көлік құралдарын орындықтар орнатумен (бөлшектеумен), жатын орындарын және жүк бөліктермен ұйымдастыруға байланысты қайта жабдықтау жүргізілген.
N1, N2, NЗ санатындағы көлік құралдарын М2 және МЗ санатына ауыстыруға байланысты қайта жабдықтау жүргізілген.
М1 санаты үшін отыратын орындар санының азайтуға байланысты қайта жабдықтауға жол беріледі.
М1, М2 санаты үшін оларды N1, N2 санатына ауыстыруға байланысты қайта жабдықтауға жол беріледі.
М2, М3 санаты үшін газ-баллон құрал-жабдықпен, электронды билеттеу жүйесімен құралдануымен және қоғамдық көлікті диспетчерлеумен байланысты қайта жабдықтауға жол беріледі.
Ескертпе: көлік құралдарын қайта жабдықтау (конструкциясын өзгерту) – көлік құралының конструкциясында көзделген жол жүрісінің қауіпсіздігіне әсер ететін құрамдас бөліктер мен жабдықтау заттарын алып тастау немесе көзделмегендерін орнату.»
көрсетілген қаулымен бекітілген, Көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесінде:
мынадай мазмұндағы 16-тармақпен толықтырылсын:
«16. Жануарлар әлемін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ведомствосының мамандандырылған және табиғатты қорғау ұйымдары аумақтық бөліністерінің, сондай-ақ орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің және жергілікті атқарушы органдар мамандандырылған ұйымдарының көлік құралдары.».
ескертпенің 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік күзет қызметінің, ұлттық қауіпсіздік органдары, ішкі істер органдары жедел қызметтерінің, экономикалық тергеу қызметінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар департаментінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінің, жануарлар әлемін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ведомствосының мамандандырылған және табиғатты қорғау ұйымдары аумақтық бөліністерінің, сондай-ақ орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінің және жергілікті атқарушы органдар мамандандырылған ұйымдарының көлік құралдарында арнайы түсті-графикалық бояулар, таным белгілері мен жазулары болмауы да мүмкін.».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин