
Жедел жағдайды сауықтыру, атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу және олардың бетін ашу, сондай-ақ қарудың жоғалуы мен ұрлану фактілерінің алдын алу мақсатында 2026 жылғы 19-21 қазан аралығында Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету учаскесінде «Қару» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі.
Сонымен қатар Көліктегі полиция департаменті заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтан босатылатынын еске салады.
Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасына 41 жастағы елорда тұрғыны арызданды. Ол «Чунцин – Бейжің – Астана» бағыты бойынша транзиттік рейспен Астанаға ұшып келгеннен кейін 3 600 АҚШ долларының жоғалғанын байқап, оқиғаның мән-жайын анықтауға көмек сұраған. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көлік полицейлері күдіктіні ізін суытпай анықтап ұстады. Ол арызданушымен бір рейспен ұшып келген және оның артында отырған шетел азаматы болып шықты.
«Қаскүнем елорда қонақүйлерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақша қаражаты, оның ішінде ұрланған 3 600 АҚШ доллары толық көлемде тәркіленді. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деді полиция полковнигі.
Көлік полицейлерінің кәсіби әрі жедел әрекеттерінің арқасында ұрланған 3 600 АҚШ доллары заңды иесіне толық көлемде қайтарылды.
Жәбірленуші тәртіп сақшыларына жедел әрекет еткені, мұқият көңіл бөлгені және көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін де көлік полицейлері осыған ұқсас құқық бұзушылық жасады деген күдікпен екі шетел азаматын анықтап, ұстаған болатын. Қазіргі уақытта аталған іс соттың қарауында.
Көлік полицейлері жолаушыларға әуе сапарлары кезінде жеке заттары мен ақша қаражатының сақталуына мұқият болуды ескертеді. Заттарыңыздың немесе ақшаңыздың жоғалғанын байқасаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.
2026 жылғы 14–15 қазанда Көліктегі полиция департаменті «Іздеу» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекетаралық және халықаралық іздестіруде жүрген адамдардың орналасқан жерін анықтау және оларды ұстау, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіру, сондай-ақ жеке басы анықталмаған мәйіттерді сәйкестендіру.
Іс-шара аясында көлік полицейлері іздестіру жұмыстарын күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асырады.
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев Шу станциясындағы көліктегі полиция бөліміне жұмыс сапарымен барып, бөлімнің жұмысымен танысып, жеке құраммен кездесті.
Сапар барысында көлік полициясының басшысы бөлімнің әкімшілік ғимараты мен кезекші бөлімін аралап, қызмет атқару жағдайларын бағалады. Сондай-ақ теміржол көлігі нысандарында құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және қызметтік тәртіпті нығайтуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар теміржол инфрақұрылымы нысандарындағы вандализм фактілерінің алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.
А. Жұматаев қауіпсіздікті қамтамасыз ету құқыққа қайшы әрекеттердің жолын уақтылы кесумен ғана шектелмей, жүйелі профилактикалық жұмысты да талап ететінін атап өтті. Осы тұрғыда тазалық пен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының маңызы зор.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Департамент бастығы жедел жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды, профилактикалық іс-шараларды күшейтуді және күнделікті қызметте заңдылықтың қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астана қаласы мен еліміздің басқа да өңірлерінде «Pitbullshop» Telegram-дүкені арқылы есірткі заттарын жүйелі түрде өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде жасы 25 пен 40 аралығындағы топтың бес мүшесі анықталып, ұсталды. Топ ішінде әр қатысушының міндеті нақты бөлінген. 35 жастағы ұйымдастырушы қылмыстық әрекеттерге басшылық жасап, жеткізілімдер мен қаржы ағындарын бақылаған. 26 жастағы қатысушы оператор қызметін атқарып, интернет-дүкенді ілгерілетумен айналысқан. Жасы 25 және 40-тағы екі ер адам есірткі заттарын өлшеп-орау және оларды жасырын орындарға орналастыру міндеттерін орындаған. Ал топтың тағы бір мүшесі есірткіні бөлшек сауда арқылы өткізіп, жаңа курьерлерді тартумен айналысқан.
Тергеу барысында топтың қылмыстық әрекеті кезінде шамамен екі мың есірткі жасырылған орын ұйымдастырылғаны анықталды. Заңсыз саудадан түскен қаражаттың жалпы айналымы 90 миллион теңгеден асқан.
Өткен жылдың жазында күдіктілер ұсталды. Жүргізілген іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері 165 грамнан астам марихуана мен каннабис шайырын тәркіледі. Сонымен қатар қаптама материалдары, электрондық таразылар, банк карталары, ақша қаражаты және қылмыстық әрекетте пайдаланылған өзге де заттар алынды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Сот бес айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. Топтың ұйымдастырушысы 17 жылға, қалған қатысушыларының әрқайсысы 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Көлік полицейлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, есірткі заттарын тарату арнасының жолы кесілді.
Көліктегі ПД азаматтарды сақ болуға шақырады. Жеңіл әрі жылдам табыс табу туралы ұсыныстар, соның ішінде курьерлік жұмыс түріндегі ұсыныстар адамдарды есірткі заттарының заңсыз айналымына тарту үшін пайдаланылуы мүмкін. Белгісіз заттар мен бұйымдарды сақтау, тасымалдау немесе жасырын орындарға орналастыру туралы күмәнді тапсырмаларды орындауға келіспеңіздер.
Есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Көліктегі полиция департаментінде ішкі істер органдарының ардагерлері Тұрар Әубәкірұлы Әбішевтің 75 жасқа және Александр Алексеевич Лысактың 70 жасқа толуына орай салтанатты құттықтау рәсімі өтті.
Іс-шараға Департамент басшылығы мен ІІО ардагерлері қатысты.
Мерейтой иелерін Департамент бастығының бірінші орынбасары, Теміржан Рамазанов құттықтап, олардың ішкі істер органдарындағы көпжылдық адал қызметін, жоғары кәсібилігі мен мол тәжірибесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ардагерлердің қызметтік дәстүрлерді сақтауға, жинақтаған тәжірибесін жас қызметкерлерге жеткізуге және өскелең ұрпақтың кәсіби қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды.
Салтанатты рәсім барысында мерейтой иелеріне құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Тұрар Әбішев ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1973 жылы бастап, жедел қызметтің түрлі бағыттарында қызмет атқарды. 1997 жылы қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары лауазымынан зейнеткерлікке шықты. Бүгінде ол Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, жас қызметкерлерге өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіби бағыт-бағдар беріп келеді.
Александр Лысак ішкі істер органдарындағы қызметін 1982 жылы бастап, көпжылдық еңбегі мен жинақтаған тәжірибесінің арқасында білікті маман ретінде танылды. 2004 жылы есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шықты.
Ардагерлердің құқық қорғау саласындағы адал қызметі, жоғары кәсібилігі мен бай тәжірибесі кейінгі буын үшін өнегелі үлгі. Олардың еңбегі мен қызметтік жолы ІІО дәстүрлерін дәріптеуге және жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына зор үлес қосады.
Көліктегі ПД басшылығы мен жеке құрамы мерейтой иелеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, бақ-береке және шаттық тілейді.
Орал қаласы әуежайындағы көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған 52 жастағы Ресей Федерациясының азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Құқық бұзушы «Стамбұл – Орал» бағытындағы әуе рейсімен ұшып келгеннен кейін паспорттық бақылаудан өту кезінде анықталып, ұсталды. Бақылау залында болған ер адам Қазақстан Республикасын балағаттап, оның атына қорлайтын сөздер айтқан.
Полиция қызметкерлері ұсталған азаматты кезекші бөліміне жеткізіп, оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар шетел азаматымен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама нормалары және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік шаралары түсіндірілді.
Сот шешімімен ресейлік азамат құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар құқық бұзушыға алдағы уақытта мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ескерту жасалды.
Көліктегі полиция департаментінің акт залында ардагерлерді ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Көлік полицейлері көп жылғы өмірлерін құқықтық тәртіпті қорғау мен қылмысқа қарсы күреске арнаған қызметкерлерді еңбек демалысына шығарып салды.
Полиция полковниктері Мадияр Айтуғанов, Жанат Ибраев, полиция подполковниктері Саян Омаров, Мақсат Күсенов, Нұртас Сүндетов және Дастан Орынбаев қызметтегі белсенді кезеңдерін аяқтап, Көліктегі ПД зейнеткерлерінің қатарын толықтыра отырып, лайықты демалысқа шықты.
Көліктегі ПД бастығы Абзал Жұматаев әріптестеріне қызметте көрсеткен кәсібилігі, табандылығы және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан өлшеусіз үлестері үшін шынайы алғысын білдірді. «Көп жылдар бойы сіздер адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігін тәулік бойы күзете отырып, өз міндеттеріңізді абыроймен атқардыңыздар. Артыңыздан тек мінсіз атқарған қызмет жылдары ғана емес, жас мамандарды тәрбиелеудің негізіне айналған бай тәжірибе қалдырып барасыздар. Барлық жеке құрамның атынан сіздерді зейнетке шығуларыңызбен құттықтаймын, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасылық бақ-береке тілеймін», - деді ол.
Құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан көпжылдық үлестері және жедел-қызметтік жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгендендері үшін офицерлердің әрқайсысына құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Әріптестері мен жас қызметкерлер ардагерлерді ыстық ықыласпен, қол шапалақтап шығарып салды.
Іс-шара Департамент тарихындағы осы бір маңызды сәтті бейнелейтін естелік суретке түсумен аяқталды.
Мадияр Айтуғанов әр жылдары Алматы қаласы әуежайындағы ЖПб бастығының орынбасары, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, Астана қаласы ІІД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы болды. 2019 жылдан бастап Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасының бастығы, ал 2022 жылдан бастап Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Саян Омаров Астана қаласы әуежайындағы Көліктегі полиция басқармасын басқарды.
Жанат Ибраев Семей станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарды.
Мақсат Күсенов Жезқазған станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің бастығы болды.
Нұртас Сүндетов Маңғыстау станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің бастығы болды.
Дастан Орынбаев Түркістан станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің бастығы болды.
Көліктегі полиция департаментінде 2026 жылдың 9 айындағы жедел-қызметтің қорытындысына арналған жедел кеңес өтті. Жиынға Департамент басшылығы, аппараты қызметтерінің бастықтары, сондай-ақ көліктегі полиция басқармалары мен бөлімдері бастықтарының бірінші орынбасарлары жиналды. Кеңес жұмысына Бас көлік прокурорының орынбасары Айдынғали Дәулеталдин де қатысты.
Жиынды ашқан Департамент бастығы Абзал Жұматаев Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысында берген негізгі талаптары мен тапсырмаларын жеке құрамға жеткізді. Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету, сондай-ақ басшылардың жұмыс нәтижелері мен бағынысты бөліністердегі тәртіп үшін дербес жауапкершілігін арттыру міндеттері атап өтілді.
«Көлік нысандарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. «Заң мен тәртіп» қағидаты әрбір қызметкердің күнделікті жұмыс тәжірибесіне енгізілуі қажет. Бұл қылмыстардың алдын алуға да, заң бұзушылықтардың кез келген түрінің жолын жедел кесуге де қатысты», – деді А. Жұматаев.
Кеңес барысында теміржол және әуе көлігі объектілеріндегі жедел жағдай, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері, сондай-ақ кадрлық және қызметтік даярлық мәселелері жан-жақты қаралып, талқыланды.
Есепті кезеңде Департаменттің жедел қызмет көрсету учаскесінде барлығы 816 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың жалпы ашылуы 84,4%-ды құрады. Ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар кешенінің нәтижесінде бірқатар қылмыс түрінің саны едәуір төмендеді. Мәселен, алаяқтық 32%-ға, ауыр қылмыстар 21,6%-ға, ұрлық 20,8%-ға азайды. Киберқылмыстар саны 32%-ға төмендеген. Кісі өлтіру, зорлау және бұзақылық сияқты аса ауыр қылмыстарға жол берілген жоқ. Есірткіге қатысты 287 құқық бұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 385 кг жуық есірткі заттары тәркіленді. Сонымен қатар, көлік полицейлері 72 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Көлік инфрақұрылымы нысандары мен халық көп жиналатын орындарда вандализм мен мүлікті бүлдірудің алдын алуға баса назар аударылды.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында әуежайларда, теміржол вокзалдары мен станцияларда тазалық пен тәртіпті сақтау, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық мүлік пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Кеңес қорытындысы бойынша басшыларға жол берілген кемшіліктер көрсетіліп, Көліктегі ПД-нің жедел қызмет көрсету учаскелерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған нақты міндеттер қойылды.
Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған 3043 шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 2801 шетел азаматы Қазақстан аумағында болу қағидаларын бұзған. Сот шешімдері бойынша 837 құқық бұзушы ел аумағынан шығарылды.
Атап айтқанда, Астана станциясының теміржол вокзалы аумағында көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері 22, 28 және 33 жастағы үш Өзбекстан азаматын анықтады. Олар Қазақстанда еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті, заңнамада көзделген құжаттарсыз құрылыс нысанында жұмыс істеген.
Құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сот шешімімен оларға ҚР аумағынан тысқары шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.
Көлік полицейлері ескертеді: шетел азаматтары Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын, оның ішінде ел аумағында болу тәртібі мен еңбек қызметін жүзеге асыру талаптарын сақтауға міндетті.
Қажетті құжаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асыру әкімшілік жауапкершілікке, оның ішінде ел аумағынан шығаруға және Қазақстанға кейіннен кіруге шектеу қойылуына әкеп соғуы мүмкін.