ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАН ҚЫЗ

ӘКЕ ЖОЛЫН  ЖАЛҒАСТЫРҒАН  ҚЫЗ

Ұлжан Бақтыбайқызы – осы уақыт аралығында өзінің біліктілігімен жастарға үлгі болып жүрген  полиция қызметкері.

Ұлжанның бала кездегі арманы әкесі секілді полиция қызметкерінің формасын киіп, қоғам тыныштығын қорғау болатын.  Ол бала кезінен тәртіп сақшысына тән қасиетті бойына сіңіріп өсті. Сондықтан болар, Ұлжанға ішкі істер органдарында өзінің кәсіби қабілетін көрсету қиын болмады.

Ұлжан Бақтыбайқызы 1978 жылы Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Жетісай қаласында  дүниеге келген.  Осы қалада орта мектепті қызыл аттестатпен аяқтаған  алғыр қыз Талдықорған қаласындағы заң институтына түсіп  институтты 1998 жылы  қатарынан бұрын қызыл дипломмен бітіріп шығады. 1998 жылы 20 жасқа енді толған Ұлжан  Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментіне еркін маман ретінде жұмысқа қабылданған.

Тәжірибе жинақтап алған  жас маман 2001 жылы  дайындық курсында тыңдаушы болып, осы жылдан бастап ішкі істер органдарында әртүрлі орта басшы құрамындағы қызметтерді атқарып келді. Қазіргі таңда, Петропавл ст. ЖПб әкімшілік полиция бөлімшесіндегі ювеналдық полиция тобының аға инспекторы болып қызметін мінсіз атқарып келеді.    

«Менің әкем Жорақұлов Бақтыбай Өсербайұлы 1979 жылы шілде айында қызмет борышын өтеп, қызмет  атқару кезінде  жанындағы екі қызметкерді құтқарып өзі  қаза тапты, деп еске алады Ұлжан әкесі жайында.

Анамның айтқан естеліктерінен есте қалғаны менің әкем сол кездегі ОБХСС, қазіргі экономикалық қылмысқа қарсы  күрес бөлімінде  бөлім қызметкері болып 5 жыл қызмет атқарған.  Дәл сол қайғылы оқиға болатын күні көптен бері қармаққа ілініп жүрген қарақшы топ жайында ақпарат келіп түседі. Прицепі бар КАМАЗ жүк көлігіне зауыттан каракуль терісін  заңсыз тиеп алған машина қалаға бет алады. Қызметтік автокөлігімен арттарынан ізіне түскен 3 қызметшіні байқап қалған қылмыскерлер көпір үстімен келе жатқанда жеңіл машинаны суға қағып құлатады. Өзінің қасындағы екі әріптесін құтқарған әкем болса суға батып қаза тауыпты. Ол кезде мен не бәрі 1 жасар екенмін»- деп, еске алды өткен күндерін Ұлжан Бақтыбайқызы.

Балаларының әкелерінің ізін  жалғастырғандарын қалаған Ұлжанның анасы Мақтаарал ауданының 2-ші хатшысы болып өзі де талай жыл қызмет атқарған ұлағатты үлгі тұтар ана. Туған ауданынының көркейіп дамуына үлкен үлесін қосқан жан.  Қазіргі кезде немерелерінің ортасында,  үлкен үйге бас көз болып отыр.

Жақсы жаңалығымыз, Ұлжанның  қызы  Аружан  болса биылғы жылы 11 сыныпты үздік аяқтап, ата ізін, ана-әпке  ізін қуып заңгер болуды армандайды.  Сол армандарының орындалуына біз де тілектеспіз.

Біз кәсіби мереке- 23 маусым  Қазақстан Полициясы күні қарсаңында Ұлжан Бақтыбайқызына және оның отбасына тек жақсылық тілейміз!

 

Теңдік Малдынова

Петропавл ст. ЖПб