Көлік полицейлері үйлерін өрт шалған отбасының балаларына қуаныш сыйлады

Көлік полицейлері үйлерін өрт шалған отбасының балаларына қуаныш сыйлады

Қазақстан үшін – ана мен бала жағдайы ешқашан көңілден тысқары қалған емес. Өйткені тәуелсіз еліміздің болашағы - балалар.

1 маусым- Халықаралық балаларды қорғау күніне  орай Көліктегі полиция департаментінің  қызметкерлері көпбалалы бір отбасыға көмек көрсетті.    

Мереке карсаңындағы көмек – сәуір айында үйлері өртеніп, баспанасыз қалған  4 баланың анасы Меруерт Абдикаримованың отбасына арналды.

Шара барысында көлік полицейлері балаларды төл мерекелерімен құттықтап, оларды киім-кешек, азық-түлік, оқу құралдарымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, балаларға  тәттілер мен ойыншық сыйлықтарын тарту етті.

«Бір отбасының үйлері өртеніп, баспанасыз қалғанын естідік. Бұл қиын жағдай. Ең бастысы, балалар аман. Бүгін осы отбасыға аз да болсын көмек көрсетіп, қолдау білдіргіміз келді. Балалардың қуанышын көруден асқан бақыт жоқ. Балаларымыз әркез аман болсын»-дейді, Департаменттің тергеу басқармасы кызметкері, подполковник Руслан Есалин.

Оның айтуынша, көлік полицейлері бұған дейін де «16 қайырымды іс», «Біз біргеміз» акциялары аясында бірнеше іс-шаралар өткізген. Бұл шара да сол игі істердің жалғасы.

Өз кезегінде, Меруерт Абдикаримова полицейлерге өзінің алғысын білдірді. «Біздің жағдаймызды ешкімнің басына салмасын. Үйіміздің түгі қалмады. Киім-кешек, жиһаз, ыдыс-аяқ түгелдей жанды. Бүгін жасаған көмектеріңіз біз үшін үлкен сый болды. Көп рақмет.  Әсіресе, балаларым ерекше қуанды. Мұндай құттықтау күтпедік. Жұмыстарыңызға табыс тілейміз, еңбектеріңіз жана берсін»- дейді, көпбалалы ана.

Бүгінгі күні, полицейлер қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтық борыш ретінде қолдан келгенше көмек көрсетуде. Бүгінгі қайырымды іс те, тек жақсылыққа арналды. «Балалық – адам өміріндегі ең алаңсыз, бақытты шақ. Сондықтан, біздер, балаларға есте қаларлық мерекелік конил куй сылауды максат еттік»-дейді, тәртіп сақшылары.