
Бүгін ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының базасында Көліктегі полиция департаменті аумақтық бөліністерінің бастықтары мен олардың тергеу жөніндегі орынбасарларының дайындығын анықтау үшін саптық байқау өткізілді. Сымдай тартылған сапқа 50-ге жуық көлік полицейі тұрды.
Саптық байқау барысында қызметкерлердің сыртқы келбеті, нысандық киім кию тәртібі, жеке заттары, атап айтқанда, жетондары мен қызметтік куәліктері тексерілді. Әсіресе, көлік полицейлерінің саптық түзеуге және саптық жарғының негізгі ережелерін білуге баса назар аударылды. Әрбір басшы өз қарамағындағы жеке құрамының қызметкерлері үшін үлгі болып табылады.
Сапта тұрған қызметкерлердің сыртқы киім кию тәртібін тексеру кезінде департамент бастығы Оңал Бекеев: «Полицейлер тәуліктің кез-келген уақытында, тіпті, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, шақыртулар мен штаттан тыс жағдайларға сақадай сай дайын болулары тиіс», - деді.
Полиция генерал-майоры сақшылардың денешынықтыру даярлығы бойынша нұсқаулықтар айтып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жағымды келбетін қалыптастыру және оң имиджін арттыруға бағытталған жұмыстарды жақсартуға нақты тапсырмалар берді.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі