
Көліктегі полиция департаментінің бастығы Онал Бекеев «SOS» балалар ауылы үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы барып, жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Атаулы іс-шараға қатысуға көлік полициясының жеке құрамы ерекше ықылас білдірді. Шара аясында «SOS» балалар үйінің 80-ге жуық тәрбиеленушілеріне тәттілерден толтырылған қораптар мен жеміс жидектер, сондай-ақ, ойыншықтар тарту етілді.
«Биылғы жаңа 2021 жыл еліміз үшін маңызды даталарға толы. Ең маңыздысы Ел Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына куә боламыз. Бүгін, осы тәуелсіз, егемен еліміздің ертеңі болатын балаларды құттықтап келуіміздің мақсаты да осы. Егемендігіміздің еңсесін сақтайтын ұрпақтарымызға сенім білдіріп, олардың қоғам алдында алатын орнының ерекше екендігін айқындау», - деді полиция полковнигі.
Жаңа жылдық көңіл күйдегі балалар өз ризашылықтарын ән, жыр шумақтарымен жеткізді. Өз кезегінде сөз алған «SOS» балалар ауылының директоры Зәуреш Арыстанова көлік полициясына зор алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, көлік полициясы жыл басынан бері түрлі қайырымдылық іс-шараларына белсене атсалысуда. Бүгінгі кездесу де осының дәлелі.