GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Қызметі
Департамент туралы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Тергеу және анықтау
21 октября 2026
СҚО полицейлері тергеудегі жаңа цифрлық шешімдермен танысты

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Жақыпбек Жүнісбек ҚР Ішкі істер министрлігінің базасында біліктілікті арттыру курсынан өтті. Курс цифрландыру жағдайындағы тергеу қызметінің өзекті міндеттеріне арналды.

СҚО ПД тергеу бөлімшелерінің басшылары және жеке құрамымен кездесуде полиция майоры Жүнісбек ІІМ-нің талаптары мен нұсқауларын жеткізіп, тергеу жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер туралы баяндады.

Олардың бірі – қазіргі уақытта елорда полицейлері сынақтан өткізіп жатқан «Тергеушінің көмекшісі» жасанды интеллект жүйесі.

Жасанды интеллект күнделікті қайталанатын жұмыстың бір бөлігін өз мойнына алады. Мысалы, полицияға арыз түскен сәттен бастап тергеу әрекеттерінің жоспарын құрып, қызметкердің уақытын үнемдейді.

Интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде банк аударымдарын талдауға көп уақыт жұмсалады. Адамға бірнеше күн қажет болатын бұл жұмысты жасанды интеллект бірнеше минутта орындай алады.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылында полицейлер жұмыстың сапасын арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған жоғары технологиялық құралдарды белсенді меңгеріп жатыр.

Криминалдық полиция
21 октября 2026
СҚО полицейлері «робот-иттерді» қолдана бастады

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жасанды интеллект элементтері бар жерүсті ұшқышсыз аппараттарын пайдалануға кірісті. Олардың бірінің алғашқы сынақ жұмысы Петропавлдағы «Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығына келушілер үшін тосынсый болды. Әсіресе балалар төрт аяқты роботқа ерекше қызығушылық танытты.

Лидарлармен (лазерлік қашықтық өлшегіштермен) жабдықталған «робот-ит» келушілер көп жүретін жерде еркін қозғалады. 360 градусқа шолу мүмкіндігінің арқасында ол адамдардың бет-бейнесін тіркеп, оларды іздеуде жүрген қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың дерекқорларындағы мәліметтермен салыстыра алады.

Әзірге роботтардың негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Олар дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған және адамдарға интернет-алаяқтық қаупі туралы ескерту жасайды. Қала тұрғындарының роботтарға ерекше назар аударатынын ескерсек, профилактикалық ақпаратты кең аудиторияға жеткізуге мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, «робот-иттерді» адам бара алмайтын немесе өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін жерлерде пайдалануға болады. Ал газ талдағышпен жабдықталған жағдайда, олар тыйым салынған заттарды іздеуге де жарамды. Екі аккумулятор роботтардың толық жұмыс күні бойы кезекшілікте болуына мүмкіндік береді.

СҚО ПД бастығының орынбасары Дархан Наурызбаевтың айтуынша, мұндай роботтар – кәдімгі дронды қолдану мүмкін емес жағдайларда міндеттерді орындауға қабілетті жоғары технологиялық құралдар. Қазіргі уақытта СҚО полицейлерінің иелігінде осындай екі робот бар. Оларды сатып алу Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған 2026 жылы департамент үшін маңызды оқиғалардың бірі болды.

Жергілікті полиция қызметі
20 октября 2026
Петропавлдағы Жұмысшы кентінде полиция пункті жаңартылды

Петропавлда № 5 учаскелік полиция пункті жаңартылып, қайта ашылды. Ол қаланың күрделі әкімшілік учаскелерінің біріне қызмет көрсетеді. Оның аумағына тұрғындарының едәуір бөлігі жеке тұрғын үйлерде тұратын Жұмысшы кенті, Куйбышев орманды алқабы, саяжай массиві, «Green Park» отбасылық парк-отелі, сондай-ақ теміржол вокзалы мен әуежайға іргелес аумақтар кіреді.

Бұл аумақта 26 мыңнан астам адам тұрады. Қоғамдық тәртіпті алты учаскелік полиция инспекторы мен бір учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қамтамасыз етеді. Полиция пункті Украинская көшесі, 224 мекенжайында орналасқан.

Жөндеу жұмыстары қалалық бюджет есебінен жүргізілді. № 5 полиция пунктінің ашылуына СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Сапаров және облыс әкімінің аппарат басшысы Руслан Алишев қатысты. Олар азаматтарды қабылдауға арналған қолайлы фронт-офисті, қызмет көрсетілетін аумақтағы бейнебақылау камераларынан түсетін кескіндерді көруге мүмкіндік беретін шағын жедел басқару орталығын және демалыс бөлмесін аралап көрді.

Жаңартылған полиция пункті тұрғындар мен қала қонақтарының учаскелік полиция инспекторларына жүгінуіне қолайлы жағдай жасап, полицейлер көмегінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жеке құраммен жұмыс
20 октября 2026
СҚО-да гарнизонның саптық байқауы кезінде 30 жас полицей ант қабылдады

20-ші қазанда Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті гарнизонының жеке құрамына қысқы киім нысанына көшуіне байланысты саптық байқау өткізілді.

Байқаудың басты оқиғасы әртүрлі бөлімшелерден келген 30 жас полиция қызметкерінің ант қабылдауы болды. Олар салтанатты жағдайда әріптестерінің алдында халық пен мемлекетке адал қызмет етуге ант берді.

СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Руслан Назаров жеке құрамның қысқы кезеңде қызмет атқаруға дайындығын, нысанды киімнің белгіленген талаптарға сәйкестігін және қызметтік жарғы талаптарын білуін тексерді.

СҚО ПД арнайы және кәсіптік даярлық басқармасының саптық байқауы жеке құрамның оркестр сүйемелдеуімен салтанатты шерумен аяқталды. Іс-шарадан кейін қызметкерлер өздерінің қызметтік міндеттерін орындауға кірісті.

Жеке құраммен жұмыс
20 октября 2026
Әлем чемпионы СҚО полицейлеріне ІІМ чемпионаты қарсаңында шеберлік сабағын өткізді

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің 8 қызметкері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыстан өтетін чемпионатына қатысуға дайындалып жатыр. Жарыс 27–29 қазан аралығында Павлодар қаласында өтеді.

Жарысқа дайындық аясында полиция қызметкерлеріне бокстан әлем чемпионы, СҚО ПД арнайы жедел әрекет ету жасағының инспекторы, полиция кіші лейтенанты Наталья Богданова шеберлік сабағын өткізді.

Шеберлік сабағына Винокуров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де қызығушылық танытты. Полицейлермен бірге өткен жаттығу бейресми әңгімеге ұласты. Бұл кездесу жас спортшылардың кейбіріне болашақ мамандығын таңдауға көмектесуі мүмкін.

СҚО ПД бастығының орынбасары Абылғазы Ғабдуллиннің айтуынша, әлем чемпионымен бірге өткізілген шеберлік сабағы спорттық шеберліктің қыр-сырын меңгеруге ғана емес, еңбек пен табандылықтың арқасында жетістікке жетуге болатынын көрсететін үлгіге де айналады.

Әкімшілік полиция
20 октября 2026
Петропавлда бір түнде мас күйде көлік басқарған екі жүргізуші ұсталды

Петропавлда түнгі сағат 02:30 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері жанжал туралы шақырту бойынша түнгі дүкендердің біріне барды. Жанжал төбелеске ұласпағанымен, оған қатысушылардың бірі – 21 жастағы қала тұрғынынан алкоголь иісі шыққан.

Полицейлер жедел басқару орталығымен байланысып, бейнебақылау инспекторларынан камера жазбаларын тексеруді сұрады. Тексеру барысында жас жігіттің дүкенге «Renault» автокөлігімен келгені анықталды. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын растады.

Деректер базасын тексеру кезінде оның бұған дейін де бір жыл ішінде көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды. Сот шешімімен оған 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Сол түні Воровский көшесінде түнгі рейд барысында полицейлер электр велосипедін тізгіндеген 37 жастағы қала тұрғынын тоқтатты. Оның да мас күйде болғаны және көлік құралын басқару құқығы жоқ екені анықталды. Күндіз өткен сот отырысының шешімімен оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Полицейлер алкоголь ішкеннен кейін көлік басқару жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу екенін еске салады. Мас жүргізуші жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мас күйде көлік басқару деректерінің алдын алу жұмыстары полиция қызметкерлерімен тұрақты түрде жүргізіледі.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл
19 октября 2026
Полицейлер ескертеді: алаяқтар Telegram мен WhatsApp аккаунттарын бұзып жатыр

Мұндай тәсілмен жасалған алаяқтықтың 14 дерегі тіркелді.

Соңғы екі аптада Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына Telegram мессенджері арқылы таныстарынан «Сашаға (Савенкоға) дауыс берші» деген хабарлама жиі келе бастаған. Мұндағы есім әртүрлі болуы мүмкін. Хабарламада «біздің қызымыз байқауға қатысып жатыр» деген сөздер жазылып, дауыс беруге арналған сілтеме қоса жіберіледі.

Сілтемеге өтсеңіз, мессенджердегі аккаунтыңыз бұзылып, оны алаяқтар басқара бастайды. Сіздің нөміріңізден барлық контактілеріңізге «80 мың теңге жіберші, кешке қайтарамын» деген мазмұндағы хабарлама таратылады.

Ақша жіберуге дайын екенін білдірген немесе не болғанын сұраған адамдарға алаяқ «Кейін түсіндіремін, ақша шұғыл керек болып тұр. Есебім бұғатталып қалды, мына жерге аударшы» деп жазып, өз деректемелерін жібереді.

Бұл кезде аккаунттың шынайы иесі мессенджерге кіре алмай қалады және оның атынан қандай хат алмасу жүріп жатқанын білмейді.

«Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, СҚО-да осындай схема бойынша жасалған алаяқтықтың 14 дерегі тіркелді», – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әлібек Құжахметов. «Кез келген мессенджер осындай қауіпке ұшырауы мүмкін. Оның ішінде кеңінен қолданылатын WhatsApp та бар. Танысыңыздың аккаунты бұзылған болуы ықтимал екенін естен шығармаңыз. Адамға қаншалықты сенсеңіз де, ол сілтеме жіберсе, әдеттегі телефон қоңырауы арқылы хабарласып, мұндай хабарламаны шынымен өзі жіберген-жібермегенін анықтаңыз».

Тіпті танысыңыз «Мына суреттегі сен емессің бе? Мұны қашан түсірдің?» деп жазып, фотосуретке сілтеме жіберсе де, оған өтпеңіз. Мұндай сілтеме телефонға зиянды бағдарлама орнатуға әкелуі мүмкін.

Полицейлер интернеттегі ақпаратқа сақтықпен қарап, кез келген мәліметті тексеруге шақырад

Жеке құраммен жұмыс
19 октября 2026
СҚО-да жас полицейлер Республика күніне орай викторинада білімдерін сынады

Адам құқықтарын қалай қорғауға болады және өз еліңнің тарихын білу неліктен маңызды? Осы тақырыптар Республика күні қарсаңында Qyzyljar креативті орталығында бас қосқан Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің 30 жас қызметкерін біріктірді.

Кездесуге арнайы шақырылған БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының құқықтық мәселелер жөніндегі бас сарапшысы Мейрам Рахымбеков сөз сөйледі. Ол ұйымның қызметі және Қазақстанмен ынтымақтастығы туралы әңгімеледі.

Мейрам Рахымбеков Қазақстанға келген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметінің мамандарына және көмек көрсеткен басқа да бөлімшелердің қызметкерлеріне алғыс білдіретінін атап өтті. Олардың қолдауының арқасында бұл адамдар елімізде алаңсыз өмір сүріп, еңбек ете алады.

Қатысушылар төрт командаға бөлініп, «Менің Қазақстаным — Моя Республика» викторинасында білімдерін сынады. Сұрақтар тәуелсіз Қазақстанның тарихына, мемлекеттік рәміздеріне, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлеріне арналды. Бірінші орынды «Достар» командасы иеленсе, екінші орын «Спартак» командасына бұйырды. Үшінші орынға «Әділет» командасы ие болды. Сайысқа «Абырой» командасы да қатысты.

Кездесуді СҚО ПД жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының қызметкерлері ұйымдастырды. Олардың айтуынша, командаларды кездейсоқ жасақтау әртүрлі бөлімшелерде қызмет ететін полицейлердің бір-бірімен жақынырақ танысуына және өзін бір ұжымның мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Мұндай шаралар командалық рух пен өзара қолдауды нығайтып, жарысқа деген қызығушылықты арттырады.

17 октября 2026
Петропавл орталығында полицейлер түске дейін мас жүргізушіні тоқтатты

Петропавлда полицейлер көлікті мас күйде басқару дерегінің жолын кесті. 16 қазанда сағат 11:00 шамасында Жамбыл және Ульянов көшелерінің қиылысында патрульдік полиция экипажы Mazda автокөлігін тоқтатты. Көлік тізгінінде 41 жастағы жергілікті тұрғын болған. Жұмысқа бара жатқан жүргізушіден масаңдық белгілері байқалып, ол медициналық куәландыруға жеткізілді. Тексеру нәтижесінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны және масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталды. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жүргізушіге 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген. Полиция қызметкерлері өңір жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Бұл жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жалғасуда.

17 октября 2026
СҚО полицейлері екі күндік онлайн-акция барысында өңір тұрғындарына тікелей эфирде кеңес берді

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі департаменттің ресми аккаунттарында тікелей эфир форматында өткен «Жолдағы қабылдау» республикалық екі күндік акциясына қатысты. Ведомствоның жетекші қызметтерінің басшылары мен тәжірибелі қызметкерлері азаматтардың жол қозғалысы қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысты өзекті сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының инспекторы Данияр Іргебаев Петропавлдағы жаңа автокөпір арқылы өту тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша, бағдаршамның жыпылықтайтын ақшыл-ай түсті сигналы қозғалысқа рұқсат береді және тоқтау сызығының алдында тоқтауды талап етпейді. Сондай-ақ Ярослав Гашек көшесінің тұрғыны жүк көліктерінің тыйым салатын белгілерге қарамастан жүруіне қатысты мәселе көтерді. Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Бахтияр Күзембаев бұл учаске бақылауда екенін, ереже бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын хабарлады. Жаңа құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда тұрғындарға полицияға дереу хабарлау ұсынылды. Тікелей эфирлер барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша іс жүргізу және процессингтік орталықтың жұмысына қатысты ондаған сұрақ түсті. Барлық өтініш бойынша түсініктемелер беріліп, тексеруді қажет ететін деректер бойынша тиісті жұмыс басталды. Мұндай онлайн кездесулер полицияға тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюға және қоғаммен бірлесе отырып, өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді.

Социальные сети
Instagram
Facebook
Twitter
VK
YouTube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы