
«Балаңызды арнайы ұстау құрылғысымен тасымалдап келе жатырсыз ба? Дұрыс. Қауіпсіздік белдігін тағуды және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалануға болмайтынын ұмытпаңыз», – дейді патрульдік полиция батальонының қызметкері көлік жүргізушісіне СҚО жолында.
19 сәуірден бастап өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Қазіргі полицияның басты мақсаты – жүргізушілерді жазалау емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Дегенмен, жүргізушілер көлік жүргізу кезінде телефонды жиі пайдаланады және қауіпсіздік белдігін тақпайды.
Полицейлер аса қауіпті құқық бұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударып отыр. Олардың қатарында – мас күйде көлік жүргізу, жаяу жүргіншіге жол бермеу, көшелер мен жол қиылыстарынан өту ережесін бұзу. Мәселен, 9 күн ішінде өңір жолдарында көлікті мас күйде жүргізудің 41 дерегі тіркелді. Әрбір осындай факті – ауыр салдармен аяқталатын жол-көлік оқиғасына әкеп соғуы мүмкін.
Іс-шараның мақсаты – жол қозғалысының барлық қатысушыларының тәртібін арттыру. Жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтау ғана жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.