СҚО полицейлері ауыр жүк көліктері мен автобустарда уыттылық шығару нормасының шамадан тыс екенін анықтады

СҚО полицейлері ауыр жүк көліктері мен автобустарда уыттылық шығару нормасының шамадан тыс екенін анықтады

СҚО ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері бір айдан аса уақыт Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аймақтық бөліністері өкілдерімен бірлесе «Таза Қазақстан» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеді. ЖПІШ мақсаты - өңірдің экологиялық жағдайын сақтау.

Шілденің 24-і мен тамыздың 30-ы аралығында табиғат аясында демалғанды тәуір көретіндердің ұнататын жерлері - жағалаулар мен орман алқаптарын қоқыстан тазарту акциясы өткізілді. Акцияға еріктілер мен мемлекеттік қызметшілер белсене қатысты. Әлеуметтік желілерде үгіттейтін роликтер таратылды. Табиғат ресурстарын қорғауға бағытталған рейдтерге полицейлермен қатар аң шаруашылығы қорықшылары да тартылды.

Іс-шара барысында су пайдалану ережелерін бұзудың 226, аң аулау ережесін бұзудың 53, балық аулаудың 44 фактісі анықталды. Сондай-ақ, полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2 бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бойынша 232 хаттама толтырды. Барлығы 3,5 мыңнан астам түрлі құқық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде абаттандыру ережелері бұзушылықтарының 2 мыңнан астам фактісі, алкогольдік ішімдіктерді ішудің немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүрудің 893 фактісі.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталғаннан кейін де жалғасады, - деп атап өтті СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. – Мәселен, 2 қыркүйек күні Петропавл қ. патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүк көліктерінің шығарындыларында ластаушы заттардың болуын анықтайтын тексеріске қатысты. Мамандар шығарылған түтіндегіш газдарды өлшеу үшін сертификатталған құрылғыларды пайдаланады. «Южный» бақылау бекетінде жүргізілген тексеріс барысында үш жүк көлігінде уыттылық шығару нормасының екі есе көп болғаны анықталды».

Жұмыс келесі күні де жалғасты. Басты назарда – қалалық бағыттардағы автобустар. Тексерілген 12 автобустың бесеуінде уыттылық шығару нормасы екі есеге көп болғаны анықталды. Көлік тізгінінде болған бір көлік иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 334-бабы «Шығарындыларда ластаушы заттардың болуы нормативтерден асып кететін автомотокөлiктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» бойынша хаттама толтырылды. Басқа жағдайларда қоғамдық көлік кәсіпорындарының басшылары жауапқа тартылатын болады, оларға ҚР ӘҚБтК 590-бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұдан бөлек, ҚР ӘҚБтК 617-бабы «Техникалық ақаулары бар көлiк құралдарын пайдалануға шығару және пайдалану қағидаларын өзге де бұзушылықтар» бойынша бұзушылық анықталды, яғни автобустардың бірі жұмысқа техникалық байқаудан өтпей шыққан.

Экологияны қорғау жұмысы полицейлермен ұдайы негізде жүргізіледі.

СҚО ПД баспасөз қызметі