Полицейлер заңсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланған 5 жұмыс берушіні жауапкершілікке тартты

Полицейлер заңсыз шетелдік жұмыс күшін пайдаланған 5 жұмыс берушіні жауапкершілікке тартты

Солтүстік Қазақстан облысында полиция базарлар мен құрылыс нысандарын, ауылшаруашылық кәсіпорындарын, жеке шаруашылықтарды, сондай-ақ шетелдіктер еңбек ететін және уақытша тұратын басқа да орындарды тексеруде.

11 наурыздан бастап облыста «Мигрант-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде. Мақсаты – Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау. Операцияға көші-қон қызметінің мамандарымен қатар облыстық полиция департаментінің жедел уәкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары да жұмылдырылған.

Бүгінде облыста 6 мыңнан астам шетелдік азамат және шамамен 4,5 мың уақытша тұруға рұқсаты бар адам тіркелген.

Екі айдың ішінде облыс полицейлері 2 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі – Қазақстан Республикасында болу мерзімін бұзу, бұл үшін 200-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 77 облыс тұрғыны шетелдік қонақтарды қабылдағаны туралы уақтылы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ, бес жұмыс беруші шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін жауапкершілікке тартылды.