Полицейлер Петропавлда бір күн ішінде жол ережелерінің 305 бұзушылығын анықтады

Полицейлер Петропавлда бір күн ішінде жол ережелерінің 305 бұзушылығын анықтады

Екі айдың ішінде облыс орталығында 44 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан бір адам қаза тауып, 66 адам жарақаттар алды. Көше қиылыстарынан өту ережелерін бұзу 37 жол апатының орын алуына себеп болған.

Жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыру үшін қалалық және облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Петропавл көшелерінде жаппай рейд жүргізді.

Көлік құралын жүргізу кезінде телефонды пайдаланған 14 жүргізуші анықталды. Бұл да жүргізушінің көңілін бөліп, жол апатының жасалуына алып келетін кең тараған себептердің бірі.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерге жол бермеген 12 жүргізушіні жауапқа тартты. 5 адам көлік жүргізу құқығынан айырылса да қайтадан рөлге отырған. Бір күннің ішінде Петропавл жолдарында тәртіп сақшылары түрлі 305 бұзушылықты анықтады.

Рейд барысында Жамбыл мен Сүтішев көшелерінің қиылысында бағдаршамның істен шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Экипаждардың бірі бірден оқиға орнына аттанып, көше қиылысында жол қозғалысын реттеуге көшті.

Бұдан бөлек, көшелерде тоқтатылған жүргізушілерге полицейлер интернет-алаяқтарға алданып қалмаудың әдістері жазылған жадынамалар таратты.