СҚО-да полицейлер ауыл тұрғындарының үйлерінен ақша ұрлады деген күдіктіні «ізін суытпай» ұстады

СҚО-да полицейлер ауыл тұрғындарының үйлерінен ақша ұрлады деген күдіктіні «ізін суытпай» ұстады

Қызылжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Пеньково ауылы тұрғындарының үйлерінен ірі көлемде ақша ұрлаған күдіктіні ұстады.

Қызылжар ауданының полиция бөліміне қала маңындағы Пеньково ауылының тұрғыны үйінен, шығын сомасы 330 мың теңгені құрайтын, ақша қаражаты мен зергерлік бұйымдарының ұрланғандығы жөнінде жүгінген. Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде бірнеше сағаттан соң ұрлық жасаған күдікті Петропавл қаласының аумағында ұсталды. Ол бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған 33 жасар Ақтөбе облысының тумасы болып шықты. Соңғы бір жарым ай ішінде үй иелеріне түрлі үй шаруасын атқаруға көмектесетін жұмысшы ретінде болған. Үй иелерінің жұмыс барысымен жол жүріп кеткендерін білген ол – үйге еніп, ұрлық жасаған. Ойын іске асырған соң бірден Петропавл қаласына келіп, олжасын өз керегіне жұмсаған.

Қызылжар ауданы ПБ бастығы полиция полковнигі Әлихан Байқадамовтың айтуынша, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, тергеу жүргізілуде. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. «Үйлеріне мықты құлыптар мен тиектерді қою қажеттілігін ауылдықтардың естеріне саламыз. Жолға шығарда – есіктерді де, терезелерді де мықтап жауып, көршілердің көз қырын салып жүрулерін сұраған жөн. Ұрлық жасалған жағдайда – бірден полицияға хабарлау қажет», - дейді Әлихан Байқадамов.