
СҚО Тайынша қаласында ІІО ардагерлері, полиция қызметкерлері мен ата-аналары марапатталды. Іс-шара құқық қорғау органдарындағы қызметтің маңыздылығын және ұрпақтар сабақтастығын көрсете отырып, жоғары сынып оқушылары арасындағы кәсіптік бағдар беру аясында өтті.
Полиция қызметкерлері күнделікті қызметтік міндеттерін орындау кезінде қауіп-қатермен бетпе-бет келуі мүмкін. Олардың жұмысы толық берілгендікті талап етеді, ал қызметтерірен жоғары баға берілуі олар үшін өте ерекше. Көрермендердің қошеметімен учаскелік полиция инспекторлары полиция майорлары Кауаз Мұқажанов пен Талғат Бейсенбаев, кинолог-инспектор полиция лейтенанты Азат Жахин СҚО полиция департаментінің грамоталарымен марапатталды. Полиция капитаны Ержан Сәрсенбай мен полиция сержанты Мирас Рамазановқа алғыс хаттар табыс етілді.
Ал ІІО ардагерлері Бақытжан Қажыбаевтың, Рашид Жүсіповтің, Абай Дүйсембиннің марапат алуына жерлестері куә болды. Тайынша ауданы полиция бөлімі құрамындағы ардагерлер ұйымының жұмысына қосқан қомақты үлесі және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жан-жақты көмек көрсеткені үшін ауданның полиция бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Иосиф Шушковскийге бағалы сыйлық табысталды.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерінің ата-аналары да марапатталды. Алғыс хаттарды Серік Сүлейменов, Балғын Ахметжанова, Николай Шмидт, Орымбай Жұмабаев және Айсұлу Төлепова алды. Олардың балалары – криминалистер, тергеушілер, жедел уәкілдер болып қызмет етеді.
Мұндай іс-шаралар мамандықтың беделін нығайтып қана қоймай, жастарды құқықтық тәртіпті қорғау ісіне құрметпен қарауға тәрбиелейді. Полиция қызметі – Заңның үстемдігін сақтауға және азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға дайын қуатты және Отанға адал адамдардың таңдауы.