
СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов М.Жұмабаев ауданы полиция бөлімі бастығының бөлімнің жұмысы туралы есебін қабылдап, полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты ауыл тұрғындарының пікірін тыңдап қайтты, сұрақтарға жауап берді. Аудан орталығы Булаево қаласындағы мәдениет үйінде есеп беру кездесуіне тұрғындар жиналды, оған аудан әкімі Рахат Смағұлов та қатысты.
Полиция генерал-майоры әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, мопедтерді тіркеуге қатысты заңнамадағы өзгерістер туралы айтты. Аудан полицейлері 18 қаңтардан бастап 22 мопедті тексеріп, оның жиырмасын тіркеді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов қылмыстың төмендегені туралы баяндады: адам өлтіру саны 50%, ауыр дене жарақаттарын келтіру – 75%, мал ұрлығы – 66,7%, интернет-алаяқтық – 14,3%-ға азайды.
Қауіпсіздікті күшейту үшін бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде. Қазір ауданда 94 көше камерасы жұмыс істейді, оның 78–і Булаево қаласында. Аудан орталығының төрт мектебінде 85 камера орнатылған. 18 ауылдық округтің әрқайсысында жаңа алты камерадан орнату жоспарда бар.
Тұрғындар полицияның жұмысына оң бағасын берді. Кездесу азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдаумен аяқталды, онда Айдын Қабдұлдинов ауыл тұрғындарын учаскелік инспекторларға көмектесуге және «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстануға шақырды.