Полицейлер қарға батқан 20 тонна ет өнімдері тиелген фураның жүргізушісіне көмектесті

Полицейлер қарға батқан 20 тонна ет өнімдері тиелген фураның жүргізушісіне көмектесті

18 ақпан күні «Көкшетау-Рузаевка» автожолының 111-ші шақырымында Астана қаласынан 20 тонна ет тасымалдап келе жатқан «Mercedes» үлкен жүк көлігі жолдан шығып кетіп, омбы қарға батып қалды. Көлікті 55 жастағы Грузия азаматы жүргізіп келе жатқан. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мен учаскелік инспектор шетелдікке көмектесті. Олардың өтініші бойынша Айыртау ауданындағы ЖШС-лардың бірі ауыр техника мен жұмысшыларын жіберді. Олар фураны дөңгелектеріне қойып, жол үстіне шығарды.

Тәртіп сақшылары соңына дейін сол жерде болып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жүргізуші қиындыққа тастамағандардың барлығына шын жүректен алғысын айтты.

Бір күннен кейін осы жолдың 140-шы шақырымында Рудный қаласының 41 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «HOWO» жанармай құюшы машинасы жол шетіне түсіп кеткен. Автоцистерна бос болған, экологияға қауіп тиген жоқ. Полицейлер бұл жолы да ЖШС басшылығына және «66» жол-пайдалану учаскесіне жүгінді.

Полицейлер жүргізушілерге қысқы жолдарда мұқият болуды ескертеді. Жауын-шашын түсетін, жол үсті мұзға айналатын кезде және қар үйінділері пайда болатын жағдайда барынша сақ болу өте маңызды. Автожолдардың қиын учаскелерінде жылдамдықты төмендетіңіздер, шұғыл қызметтердің хабарламаларын қадағалаңыздар, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтаңыздар.