СҚО полицейлері жоғалған 9 жылқыны тауып, иесіне қайтарды

СҚО полицейлері жоғалған 9 жылқыны тауып, иесіне қайтарды

25 тамыз күні Қызылжар ауданының 58 жастағы тұрғыны полицияға жүгініп, еркін жайылымда жүрген 9 бас жылқысының жоғалғанын айтып, көмек сұраған. Іздестіру жұмыстарына жеті қызметкер кірісіп кетті. Үш сағаттан соң жылқылар Тепличное ауылының жанындағы орман ішінен табылды. Олар үй маңынан 5 шақырымдай ұзап кеткен. Жануарлар иесіне қайтарылды. Алайда жылқыларының қараусыз жайылып жүргені үшін жауапқа тартылды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырылды.

«Еркін жайылым фактілерін болдырмау бойынша алдын алу жұмыстары ұдайы негізде жүргізіледі», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әлихан Байқадамов. – Ауыл тұрғындарына жануарлардың иелері, бақташылар мен жергілікті әкімдіктер арасында үш жақты келісімге отыру арқылы малды ұйымдасып бағуға көшу туралы ұсыныс айтылды. Мамыр айынын бастап учаскелік полиция инспекторлары заңнамаға енгізілетін өзгерістер туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында тамыз айынан бастап ауыл шаруашылық жануарларын бағудың қағидалары қолданысқа енгізілді. Бұдан былай еркін жайылымда жүрген мал үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ауылды жердің тұрғындары еркін жүрген жануарлардың мал ұрлаушыларды қызықтыратынын естен шығармағандары жөн. Бұдан бөлек, көп жағдайда жануарлар еркін жайылымда жүрген жерінен жоғалады. Оларды іздеу зор адами ресурстар мен көп уақытты талап етеді. Қаңғырып жүрген мал ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге және жол үстіндегі көлік жүргізушілерге қауіп төндіреді. Еркін жайылымға жол бермеген абзал».