Полицейлер ММА-дан және қысқы көпсайыстан облыс чемпиондары атанды

Полицейлер ММА-дан және қысқы көпсайыстан облыс чемпиондары атанды

Осы жылы Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің спорттық қоржынына алғашқы жеңісті полиция аға лейтенанты Жанат Қабдөш пен полиция капитаны Ердаулет Сайдоллаев әкелді. 2-ші ақпанда ПД аппаратының қызметкерлері ММА-дан облыстық чемпионатқа қатысып, өз салмақтары (74 және 79 кг) бойынша бірінші орындарға ие болды.

Олардың әріптестері полиция лейтенанты Виктор Трегуб қысқы көпсайыстан облыс чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол жас мөлшеріне қарай, 24-34 жас арасында бірінші орынды еншіледі, сондай-ақ аталған спорт түрінен СҚО абсолютті чемпионы атанды.
Айта кететіні, бұл чемпионатта полиция капитаны Ардақ Хадесов спорт шеберіне үміткер атағына норматив тапсырды.

Полицейлердің спорттық жетістіктері — жақсы физикалық дайындықтың көрсеткіші ғана емес, сондай-ақ басқа қызметкерлерге бос уақыттарын спортқа арнауға және салауатты өмір салтын ұстануға тамаша мотивация болмақ.