
М.Жұмабаев ауданының тұрғындары мен 400-ден астам жоғары сынып оқушылары құқық қорғау органдарының қару-жарағымен, арнайы жабдықтарымен, техникалық құрылғыларымен танысуға және полиция батырларымен кездесуге мүмкіндік алды. Олар үшін аудандық мәдениет үйінде кәсіптік бейіндеу жөніндегі ерекше іс-шара ұйымдастырылды.
Су тасқынында адамдарды құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасын алған учаскелік инспектордың көмекшісі Ақыл Байтеңізов, кикбоксингтен әлем чемпионы, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкері Нұрсұлтан Жақыпов және қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізген басқа да полиция қызметкерлері балаларға қызметтері туралы, олардың жасында өмір жолын қалай таңдағаны туралы айтып берді.
Сондай-ақ балалар бірқатар полиция қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттау рәсіміне куә болды. Заң мен тәртіпті сақтау барысында қызметте ерекшеленген жас полицейлердің ата-аналары алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шарада арнайы жасақтың офицерлері қоян-қолтық ұрыстың әдістерін көрсетті, ал СҚО ПД мәдени орталығының вокалдық тобы әннен шашу шашты.
СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин ұлдар мен қыздарға ҚР ІІМ оқу орындарына оқуға түсу және полицияға қызметке орналасу тәртібі туралы айтып берді.
Бүгінде ІІО-да жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы, учаскелік полиция инспекторы, қатардағы құрамның бос лауазымдарына білікті мамандар қажет.
Полицияға жұмысқа орналасудың барлық мәселелері бойынша азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан полиция бөліміне, Петропавл қ., Алматы көшесі, 55 мекенжайындағы СҚО ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасына жүгінуге не болмаса аталмыш басқарманың 8 (7152) 612-612 телефоны бойынша хабарласуға болады.