
СҚО Мамлют ауданында мопедтердің иелеріне екі дөңгелекті көліктерін облыс орталығына апарудың қажеті жоқ: тексеруден ауданда өтуге болады. Жергілікті полиция бөлімінің бастығы Петр Климов аудан әкімі Елена Степаненконың халық алдындағы есеп беру кездесулеріне қатысып, тұрғындарға мопедтерді тіркеудің қажеттілігін және заңнамадағы басқа да өзгерістерді түсіндіруде.
Кездесулердегі полицияның құзыретіне кіретін өзекті тақырыптар – интернет-алаяқтық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Өткен жылы аудан аумағында адамдардың зардап шегуіне алып келген 13 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Барлық жағдайларда дерлік жылдамдықты арттыру себеп болыпты. Көбінесе жүргізушілер мен жолаушылар қауіпсіздік белдігін тақпағандықтан — жол апаты салдарының ауырлығы артқан.
Айта кету қажет, полицейлер Мамлют ауданының тұрғындарын жолдарда қауіпсіз жүріп-тұруды насихаттауға белсенді түрде тартуда. Тәртіп сақшыларының бастамасы бойынша жүргізушілер әлеуметтік желілер арқылы жерлестерін жол ережелерін қатаң сақтауға, нақтырақ айтқанда, жылдамдық режимін бұзбауға, дауылды ескерту кезінде жолға шықпауға, көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдамауға шақырады.
Полиция полковнигі Климов осындай 8 кездесуге қатысты. Сондай-ақ Қызыләскер ауылында азаматтарды қабылдау өткізілді. Осындай жұмысты басқа да полиция бөлімдерінің бастықтары аудандарда жүргізіп жатыр.