СҚО полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының бір күнінде 600-ден астам құқық бұзушылық анықтады

СҚО полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының бір күнінде 600-ден астам құқық бұзушылық анықтады

Тамыздың 25 мен 27 аралығында СҚО полицейлері «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеуде. Операция кезінде көптеген мәселелерді шешу көзделген, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау, есептегі тұлғаларды, жалдамалы пәтерлерді тексеру жүргізіледі. Басты назарда қоғамдық орындарда және алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу. 

Бұл бағытта алкогольді сатуға қатысты заңнаманың сақталуы аса маңызды. Мәселен, тексеріс кезінде азық-түлік дүкендерінің бірінде спирттік ішімдіктерді заңсыз сату фактісі анықталды. Сондай-ақ, бұдан бұрын сот шешімі бойынша спирттік өнімді саудалауға лицензияның тоқтатылғаны белгілі болды. Дүкен иесіне алкогольдік өнімді сөрелерден алып тастау туралы сот ұйғарымы шығарылған. Алайда ол сот шешімін елемеген. Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша материал жинады. Сатуға қойылған 96 бөтелке коньяк, 60 бөтелке арақ пен 16 сыра алынды.  Материалдар сотқа жіберілетін болады, кәсіпкерге айыппұл салынып, құқық бұзушылық нәтижесінде ие болған табысы тәркіленеді.

«Спирттік ішімдіктердің айналымын реттейтін барлық заңнама актілері түптек келгенде, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағдарланған, - деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. – Көптеген бұзушылықтар масаң күйде жасалады. Отбасы-тұрмыстық саласындағы қылмыстардың барлығы дерлік ащы судың әсерімен орын алады. Ал жүргізушілердің ішімдікті ішуі жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрақты түрде масаң күйде жасалатын қылмыстарды болдырмауға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырады».

«Жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күнінде облыста алкоголь сатылымына қатысты 10 бұзушылық анықталды. Масаң күйде рөлге отырған 19 жүргізуші жауапқа тартылды. Қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін 125 хаттама толтырылды. Жалпы тәртіп сақшылары жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде 620 бұзушылық анықтады».