Полицейлер маркетплейстердің бірінің фурасын жол үстіне шығаруға көмектесті

Полицейлер маркетплейстердің бірінің фурасын жол үстіне шығаруға көмектесті

20 қаңтар күні «Көкшетау – Рузаевка» автожолының 142 шақырымында маркетплейстердің бірінің 6 тонна тауарын тасымалдап келе жатқан «DAF» фурасының жүргізушісі жол үстінен шығып кетіп, қисайған күйінде омбы қарға кіріп кеткен. Көлікті СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері патрульдеу кезінде байқап қалған.

Тәртіп сақшылары жол-эксплуатациялық учаскесінің мамандарына және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірінің басшылығына хабарласып, ауыр техника жіберуді сұрады. Екі тиегіш пен К-700 тракторы фураны шығаруға көмектесті. Бұл уақытта полицейлер аталған учаскеде жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Ал «Жезқазған – Петропавл» автожолының 843 шақырымында полиция қызметкерлері облыстың 24 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан «ВАЗ-2110» автокөлігін байқап қалды. Көліктен ақау шығып, жол шетінде тоқтап қалған. ПД ППБ қызметкерлері оны Есіл ауданының орталығы Явленка ауылындағы автобөлшектер дүкеніне сүйреп жеткізді. Жас жүргізуші тәртіп сақшыларына қиын жағдайда көмектескені үшін шын жүректен алғысын айтты.

Полиция жүргізушілерден көлік құралдарының техникалық жарамдылығын бақылап отыруды, қысқы жолдарда мұқият болуды және әрқашан жол жүрсі қағидаларын қатаң сақтауды сұрайды.