
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде бірқатар тағайындаулар өтті.
Полиция подполковнигі Әлнұр Ахмедьяров департамент құрамындағы жаңа бөлініс – киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы болып тағайындалды. Мұндай мамандандырылған бөліністер Қазақстандық полициясында Мемлекет басшысының киберқылмысқа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде құрылып жатыр.
Олардың міндеті — технологиялар мен интернет қарқынды дамыған уақытта туындайтын сын-қатерлерімен тиімді күрес жүргізу. СҚО ПД құрамындағы жаңа басқармаға бұрын киберқылмысқа қарсы күрес желісі бойынша ғана емес, басқа да бағыттар бойынша жұмыс істеген тәжірибелі жедел уәкілдер тағайындалды.
Әлнұр Ахмедьяров 2011 жылы Ресей Федерациясы ІІМ Волгоград академиясын аяқтаған соң Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарының тергеу бөлімшелерінде қызмет атқарды. 2015 жылдан бастап Петропавл қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары болды, кейін Аққайың ауданының полиция бөлімін басқарды.
Бұдан бөлек, облыстық патрульдік полиция батальонының жаңа командирі болып тәжірибелі маман, полиция майоры Руслан Кучумов тағайындалды. Ол СҚО ПД патрульдік полиция батальонында 2019 жылдан бастап қызмет етеді; 2023 жылдан бастап осы бөлімше командирінің орынбасары қызметін атқарды. Облыстық батальон қала сыртындағы жолдарда құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.