
Әр жылдары СҚО-да 19 полиция қызметкері «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды, оның төртеуі — 2024 жылғы алапат су тасқынында ержүректігі мен адамдарды құтқарғаны үшін. Табиғат апаты туралы материалдар қазір СҚО полиция департаменті музейінің қорларында сақтаулы және басқа құнды жәдігерлермен бірге жас қызметкерлер мен солтүстікқазақстандық оқушыларға патриоттық тәрбие беру үшін пайдаланылады.
ПД музейінде өткен ерлік сабағына алғаш рет IT-мектеп-лицейде жаңадан ашылған «Жас сақшы» сыныбының оқушылары келді. Сондай-ақ тағылымдамадан өтушілер, СҚО ПД аппаратының жас қызметкерлері және полиция ардагерлері шақырылды.
Музей қорының сақтаушылары су тасқыны туралы деректермен бөлісті, қызметкерлердің ерлігі туралы фото және бейнематериалдар көрсетті. Сол кезеңдегі жұмыс туралы «Ерлігі үшін» медалі иегерлерінің бірі — учаскелік инспектордың 28 жастағы көмекшісі Ақыл Байтеңізов айтып берді. Прибрежное ауылын аралға айналдырған су тасқыны әбден аяқталғанға дейін полиция қызметкері тұрғындармен бірге болды және жаппай эвакуация кезінде қарт ерлі-зайыптыларды құтқаруға көмектесті.
Су тасқынында зардап шеккен тұрғындардың атынан Прибрежное ауылының тұрғыны — СҚО ПД аппаратының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Нұржан Күдеров сөйледі. ІІО зейнеткері шұғыл қызметтер жұмысының кәсібилігі мен үйлесімділігін жоғары бағалады.
Мұндай іс-шарада алғаш рет полиция майоры Әдемау Меңдібаева сөз сөйледі. Бес баланың анасы су тасқынының басынан аяқ өзге қызметкерлермен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Нәзік жанды полицей ол кезде Петропавл қаласы полиция басқармасының баспасөз хатшысы қызметін атқарды.
Оның қатысуымен тасқын кезіндегі оқиғалар тарихы қалыптастырылды, қазіргі полиция стендтеріне енген фотосуреттер жиналды. Көбінесе осындай жұмыстың арқасында полицейлердің ерлік әрекеттері көпшілікке таныс болды.
«Осындай қиын сәтте тек бірлік пен өзара көмек қана құтқара алатынын түсіндік. Қызметкерлер мен қарапайым адамдардың бір-біріне көмектесіп жатқанын және қолдауын тарихта қалдыруға тырыстым», — дейді Әдемау Меңдібаева.