
Солтүстік Қазақстан облысындағы Тайынша қаласында зейнеткерлер 16 миллион теңгеден айырылды: олар банктің атынан қоңырау шалған алаяқтардың сөздеріне сеніп, өздеріне және ұлына несие рәсімдеді. Ауданда жыл басынан барлығы 31 интернет-алаяқтық тіркелді.
Мұндай қылмыстарға қарсы күресте полицейлер алдын-алу шарасының жаңа түрін қолдана бастады. Тәртіп сақшылары екі тілдегі ескерту жазылған плакатты ұстап тұрған полиция қызметкерінің макетін пайдалануды шешті: «Несие рәсімдемес бұрын немесе ақша аудармас бұрын, тексеріп, көз жеткізіңіз! Бұл алаяқтар болуы мүмкін» делінген.
Аудандық әкімдіктің қаражатына дайындалған 10 макет банк бөлімшелерінде, сауда үйлерінде және банкоматтар мен банк терминалдарының жанында басқа жерлерде орнатылды.
«Отыз бір жағдайдың тоғызында адамдар өз ақшаларын қылмыскерлерге терминалдар арқылы жіберген. Әдетте, алданған адам терминалға әбден абдыраған күйде келеді. Осы сәтте оның назарын аударып, ойландырған өте маңызды. Алғашқы 10 макет аудан орталығында және ауданның ірі ауылдары – Келлеровка мен Чкаловода орнатылды, тағы 10 макет қаңтар айында қойылады, профилактикалық жұмысты барлық мүмкін тәсілдермен жалғастыру жоспарда бар», - деп түсіндірді жобаны іске асырып жатқан Тайынша ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы полиция майоры Қуанышбек Темірбеков.