Петропавлда полицейлер ұлы ақындарға арналған ескерткішке мінген құқық бұзушыларды ұстады

Петропавлда полицейлер ұлы ақындарға арналған ескерткішке мінген құқық бұзушыларды ұстады

Адамдар жаппай жиналатын орындардағы қауіпсіздік - жаңа жылдық мереке күндері кезіндегі полицияның басым міндеттерінің бірі. 1 қаңтар күні кешке Тәуелсіздік стеласының маңындағы мұз қалашығында серуендеп жүрген қала тұрғындары жас жігіттердің қоғамдық тәртіпті бұзған әрекетін байқап қалған. Олар әйгілі Абай мен Пушкиннің ескерткішіне мініп суретке түсіп жатқан.

Жастардың бейәдеп сөздеріне, мәдениетсіздігіне бей-жай қарамаған қала тұрғындары сол маңда кезекшілікте жүрген полицияның жаяу жасағына жүгінген. Жаяу жасақ Петропавл қ. ПБ жедел басқару орталығындағы бейнебақылау инспекторларының көмегімен құқық бұзушыларды ұстады.

Оларға қатысты қоғамдық орында мас күйде болғаны үшін хаттамалар толтырылды, бұдан бөлек ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып жатыр. Сондай-ақ біраз уақыт бұрын көрші елдердің бірінен Петропавлға келген жастардың үшеуінің де Қазақстан аумағында болу мерзімі аяқталғаны анықталды. Олар бұл бұзушылықтары үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.

"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру шеңберіндегі полицияның күшейтілген жұмысы жалғасуда.