СҚО-да полицейлер Түркістан облысынан келген ағайындыларды ұстау кезінде 1,5 келіден астам «синтетика» тәркіледі

СҚО-да полицейлер Түркістан облысынан келген ағайындыларды ұстау кезінде 1,5 келіден астам «синтетика» тәркіледі

Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, полицияның арнайы жасағының және 6637 әскери бөлімінің жауынгерлерімен бірлесіп, Түркістан облысының екі тумасын ұстады. Олар есірткі сататын интернет-дүкендердің бірінде буып-түюші болып жұмыс істеді деп күдіктелуде.

Жас жігіттер – 20 және 22 жастағы ағалы-інілі ағайындылар. Жеке тінту кезінде олардан ішінде ұнтақ тәрізді зат бар 55 түйіншек тәркіленді. Күдіктілер пайдаланған жалдамалы пәтерден тәртіп сақшылары ұқсас заттар мен есірткіні өлшеуге, буып-түюге арналған құрылғыларды тапты. Сонымен қатар, ағайындылардың бірі көрсеткен орындардан полицейлер осындай түйіншектер салынған пакет пен жолқапшық тәркіледі.

«Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың жалпы салмағы 1 килограмм 418,54 грамды құраған α-PvP және «мефедрон» синтетикалық есірткі екенін көрсетті. Бұл СҚО-да тәркіленген ең ірі партиялардың бірі. Есірткіні аса ірі мөлшерде сатпақшы болған күдіктілер қамауға алынды. Олар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деп хабарлады СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров.