СҚО полиция қызметкері учаскелік инспекторлардың республикалық байқауында жүлделі орынға ие болды

СҚО полиция қызметкері учаскелік инспекторлардың республикалық байқауында жүлделі орынға ие болды

Жамбыл ауданының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Шаяхметов Ішкі істер министрлігінің жергілікті полиция қызметі қызметкерлері арасында өткізген «Мамандығы бойынша үздік» республикалық байқауында үшінші орынды иеленді. Оған учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар және патрульдік полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған өңірлік конкурстардың жеңімпаздары қазылар алқасына өз жұмыстарының бейнетаныстыруларын ұсынды, заңнаманы білу және дағдарыс жағдайларында әрекет ету қабілеті бойынша тестілеуден өтіп, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын көрсетті және өз қызметін жетілдіру туралы эссе жазды. Патрульдік полицейлер де дене шынықтыру және оқ ату дайындығынан сыңға түсті.

Бауыржан Шаяхметов учаскелік полиция инспекторлары арасында үшінші орынды иеленді. Ол тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген, ал ішкі істер органдарында 10 жыл қызмет етіп келеді. 2021 жылдан бері учаскелік инспектор қызметін атқарып келеді. Осы уақыт аралығында Благовещенка ауылдық округі тұрғындарының құрметіне ие болып үлгерген. 2024 жылдың басынан бері төрт қылмысты ашуға қатысып, 300-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.

"Байқаудағы жүлделі орын - менің кәсіби дамуымда дұрыс бағыт алғанымның көрсеткіші. Мұндай жетістіктер халық пен мемлекет игілігі үшін қызметті одан әрі жетілдіруге және жалғастыруға ынталандырады", - дейді Бауыржан.